530

Бағдат Мусин inDrive негізін қалаушы Арсен Томскийге ерекше сыйлық тарту етті

Бұған дейін Қазақстан азаматтығын алған Арсен Томский елдегі тойдан кейін қазақы дәстүрге сай тосын сыйға ие болды.

Бағдат Мусин inDrive негізін қалаушы Арсен Томскийге ерекше сыйлық тарту етті
threads.com/@arsentomsky , instagram.com/bagdatmussin

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, InDrive негізін қалаушы Арсен Томскийге «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин ерекше той сыйлығын тарту етті. Кәсіпкерге ақша немесе дәстүрлі конверттің орнына жеті жастағы таза қанды жылқы берілген.

Томский сыйлықты Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында көрсетті. Ол Барбарис атты сәйгүліктің суретін жариялап, Қазақстанда үйлену тойына жылқы сыйлайтынын әзілмен атап өткен.

Кәсіпкердің айтуынша, ол көп жылдан бері жеке көлік ұстамайды және әдетте inDrive қызметін немесе жалға алынған автокөліктерді пайдаланады. Сондықтан жаңа сыйлығын «жеке көлік» деп әзілге айналдырып, оның «тарифі сәбіз бен алма» екенін жазды.

Арсен Томский 15 тамызда қазақстандық Камила Лұқпановаға үйленген. Той Ыстамбұлда Босфор жағасында өткен.

Ерекше сыйлық әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды. Кейбірі әзілмен пікір қалдырса, енді бірі сыйлықтың өзгешелігін атап өтті.

Арсен Томский 2023 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Сол кезде цифрлық даму министрі болған Бағдат Мусин кәсіпкердің Қазақстанға бизнесі мен командасының бір бөлігін көшіргенін айтқан.

Томский — халықаралық inDrive көлік және қалалық қызметтер платформасының негізін қалаушы әрі бас директоры. Компания 2012 жылы Якутскіде пайда болған. Бүгінде сервис ондаған елдегі мыңнан астам қалада жұмыс істейді.

inDrive көлік шақыру қызметімен қатар жеткізу және басқа да қалалық сервистерді ұсынады. Компанияның ірі операциялық орталықтарының бірі Алматыда орналасқан.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор