747

11,2 млрд теңгенің астығы: ҚМА Қазақстандағы «сұр» экспорт схемасын әшкереледі

Тергеу дерегінше, құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға экспортталған.

11,2 млрд теңгенің астығы: ҚМА Қазақстандағы «сұр» экспорт схемасын әшкереледі
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанға шетелден әкелінген астықты қазақстандық өнім ретінде рәсімдеп, кейін шетелге экспорттаған ірі «сұр» схема әшкереленді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі жазды.

ҚМА-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті анықтаған схема арқылы шамамен 130 мың тонна астық Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға жөнелтілген. Экспортталған өнімнің жалпы құны 11,2 млрд теңгені құраған.

Тергеу мәліметінше, схеманы жүзеге асыру үшін коммерциялық компаниялар алдын ала номиналды басшылардың атына тіркелген. Кейін аталған компаниялар мен қазақстандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған келісімшарттар жасалған.

Осының арқасында шетелден әкелінген астық құжат жүзінде Қазақстанда өндірілген өнім ретінде рәсімделіп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.

ҚМА мәліметінше, схемаға Bakery Nan, KazGrano, Perfect Seed, Weizen және Golden Grain Kazakhstan ЖШС-лері қатысқан.

Бұдан бөлек, күдіктілер бақылауындағы компаниялардың шоттарынан қаражатты аффилирленген ұйымдардың есепшоттарына аударып отырған. Ведомствоның мәліметінше, бұл тәсіл салық берешегін өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару үшін қолданылған.

Салдарынан мемлекетке жалпы 1,2 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген. Оның ішінде «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясына транзиттік тарифтің төленбеуінен 1 млрд теңгеден астам залал келген.

Қылмыстық іс бойынша бес адам күдікті деп танылған. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қазір процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр.

ҚМА тергеу мүддесіне байланысты Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес істің өзге мән-жайлары жария етілмейтінін хабарлады.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанда дәнді дақылдар өнімін жинау науқаны аяқталуға жақын екенін мәлімдеген еді.

Материал авторы