«Человек в маске» ауыр науқас ата-анасы бар отбасыға пәтер сыйлады
Көз жанары 5 пайыз ғана көретін әке мен ДЦП-мен өмір сүретін ана баспаналы болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ауыр жағдайға тап болған отбасы баспаналы болды. Желіде «Человек в маске» деген атпен танымал қазақстандық қайырымдылық жобасы көмекке мұқтаж отбасыға пәтер сыйлаған.
Отбасы басшысы Исламбектің көру қабілеті өте төмен. Оның оң көзі мүлде көрмейді, ал сол көзінің көру мүмкіндігі небәрі 5 пайызды құрайды. Жұбайы ДЦП диагнозымен өмір сүріп келеді. Ерлі-зайыпты екі жасар қызын тәрбиелеп отыр.
Бұған дейін отбасының жеке баспанасы болмаған. Олар жалдамалы пәтерде тұрып, күнкөріс үшін бақша өнімдерін сатып келген.
Қайырымдылық жобасы отбасыға пәтер алып берді. Бұдан бөлек, Исламбекке медициналық көмек көрсетіліп, отбасыға кіші қажылық жасауға мүмкіндік берілген.
«Человек в маске» жобасы бұған дейін де ауыр жағдайдағы қазақстандықтарға көмек көрсеткен. Мәселен, 31 жастағы Александрға да жеке баспана алып беріліп, емделуіне қаржылай қолдау көрсетілген. Оның ДЦП диагнозы, аяқ-қолы мен көру қабілетіне қатысты ауыр мәселелері және онкологиялық ауруы болған.
Жобаның Instagram желісіндегі парақшасына 3,3 миллионнан астам адам жазылған. Оның негізін қалаушының кім екені әлі де құпия сақталады: қайырымдылық шаралары мен бейнероликтерде ол жүзін көрсетпей жүреді.
Қайырымдылық ұйымы Алматыда 2023 жылдың шілдесінде ресми тіркелген. Жоба азаматтардың ерікті қайырымдылық жарналары есебінен жұмыс істейді. Ұйым әлеуметтік тұрғыдан осал адамдарға баспана алып беріп, емделу шығындарын өтеуге және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі.
Материал авторы