«Әпкесі баланы шешіндіріп, еркелетеді»: 2-сынып оқулығындағы үзінді ата-аналарды алаңдатты
Автордың айтуынша, әңгіме қазақтың ерке баласының өмірін суреттеуге арналған, ал қазір оқулықтың мазмұны қайта қаралып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда 2-сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығындағы бір шығарма ата-аналардың наразылығын туғызды. Даулы үзіндіде ұйықтап жатқан баланың әпкесі оны шешіндіріп, еркелететіні суреттелген. Ата-аналар бұл көріністің бастауыш сынып оқушыларына қаншалықты лайық екенін талқылап жатыр. Бұл туралы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы хабарлады.
Әңгіме «Әкемен ұрыс» шығармасының соңғы бөлігінде кездеседі. Оқиға Еркеғали есімді баланың достарымен ойнау үшін үйден сіріңке алып шығуынан басталады. Балалар от жағып ойнай бастағанда, мұны анасы байқап қояды.
Үйге оралған соң әкесі баласына қатты ренжіп, көңіліне тиетін сөздер айтады. Бұған қапаланған бала бөлмесіне барып, жылап жатып ұйықтап қалады. Одан кейін шығармада әпкесінің інісіне қатысты әрекеті баяндалады. Дәл осы үзінді ата-аналардың назарын аударған.
Филолог Жанболат Шәкімнің пікірінше, көркем шығармада жағымсыз кейіпкердің болуы қалыпты жағдай. Алайда бастауыш сынып оқушыларына арналған мәтінді таңдағанда олардың жасы мен психологиялық ерекшелігін ескеру маңызды.
«7-8 жастағы балаға бұл екіұшты ой қалдыруы мүмкін», – деді маман.
Оның пікірінше, шығармада көркемдік тәсілмен қатар психологиялық-педагогикалық әдістемеге қойылатын талаптар да назарда болуы керек.
Даулы шығарма оқулықтың 2017 жылғы нұсқасына енгізілген. Сол кезде ол ғылыми-педагогикалық сараптамадан өтіп, 30 мектепте пилоттық нұсқа ретінде қолданылған. Ал 2022 жылы шығарма оқулықтың негізгі материалы ретінде қайта басылған.
Оқу-ағарту министрлігі болса, мәтіннің мақсаты мүлде басқа екенін түсіндірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, үзінді балаларды жауапкершілікке, ата-ананың сөзін тыңдауға және отбасы мүшелеріне қамқор болуға тәрбиелеу үшін енгізілген.
Министрліктің сараптама бөлімінің басшысы Ләззат Байымбетова кейбір педагогтардың аталған үзіндіні ашық сабақтарда талқылағанын атап өтті. Оның айтуынша, сабақ барысында балалар мәтіндегі негізгі ойды түсінген.
Шығарманың авторы Дария Жұмагелдинова да мәтіннің жазылу мақсатын түсіндірді. Оның айтуынша, «Еркеғали – тентек бала» шығармасы өз ұлына арналып жазылған және қазақтың ерке баласының өмірін баяндайды.
Қазір оқулықтың мазмұны қайта қаралып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі келесі жылдан бастап жаңартылған оқу бағдарламасына көшуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Материал авторы