Атом өнеркәсібіндегі шенеунік қызметтен кетті: Мемлекет басшысы шешім шығарды
Ғұмар Серғазин ұзақ жылдар бойы Энергетика министрлігінің жауапты құрылымдарын басқарды.
Мемлекет басшысының өкімімен Ғұмар Екпінұлы Серғазин Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.
Ғұмар Серғазин — энергетика, құқықтану және мемлекеттік басқару саласында көпжылдық тәжірибесі бар маман. Ол 2008 жылы Қазақ-Америка университетін «заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған. Кезең-кезеңімен білімін жетілдіріп, 2013 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистр дәрежесін алды. Сонымен қатар Австриядағы АЭХА Ядролық құқық институтын тамамдап, 2020 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік институтында «электроэнергетика» мамандығын меңгерді.
Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласы Сарыарқа аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор ретінде бастап, кейін заңгерлік және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік органдарда бас сарапшы лауазымдарын атқарды.
2014 жылдан бастап ол отын-энергетика кешеніне ауысып, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Энергетика министрлігінің мемлекеттік қадағалау, заң және ақпараттық технологиялар бөлімдерінде басшылық қызметтер атқарды. 2017–2023 жылдары Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.
Қызметтен босатылғанға дейін ол Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментін басқарып келген еді.
Материал авторы
Дана Асылбекқызы
Тілші