1005

Ерболат Жанабылов жұбайымен жанжалдан кейін қамауға алынды

Полиция әлеуметтік желідегі видеоны көргеннен кейін оқиға орнына барып, ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болғанын анықтаған.

Ерболат Жанабылов жұбайымен жанжалдан кейін қамауға алынды
instagram/zhanabylov_e

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ерболат Жанабылов жұбайы Эльмира Төлегеновамен болған тұрмыстық жанжалдан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жазды.

Полицияның мәліметінше, 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде Threads платформасынан блогер Эльмира Төлегенованың күйеуімен болған жанжалға қатысты видеоүндеуі анықталған.

Видеода әйел жанжалдың мән-жайын айтып, қолындағы қызарған жерлерді көрсеткен.

Осыдан кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына барған. Тексеру барысында ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталған.

Полицияның хабарлауынша, Эльмира Төлегенова болған жағдайға байланысты арыз жазудан бас тартқан. Алайда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекет жасады деген негізбен Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік материал толтырылған.

Блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалған. Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Полиция Жанабыловтың бұған дейін де пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, 28 тамызда ол сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен мекенжайда болмаған. Осы факті бойынша жиналған материалдар да сотқа жіберілген.

Бұған дейін Эльмира Төлегенова әлеуметтік желідегі үндеуінде Ерболат Жанабыловпен ажырасу процесі жүріп жатқанын айтқан. Ол сондай-ақ жұбайымен болған соңғы жанжалға қатысты пікір білдірген.

Еске салайық, 27 сәуірде блогерлерге қатысты сот үкімі шыққан. Сот оларды заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша және (немесе) өзге де мүлікті заңдастыруға қатысты кінәлі деп таныған.

Сот шешімімен Жанабылов пен Төлегенова қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алды деп көрсетілген 17 iPhone 16 және сегіз Hyundai Elantra көлігін тәркілеу туралы шешім қабылданған. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор