1469

«Көзімді көгертті, шашымды жұлып, үйден қуып шықты»: Шымкенттік әйел күйеуі мен енесіне шағымданды

Әйел күйеуі өз атына 1,3 миллион теңге несие рәсімдеп, қарыз төлемдерін де өзіне қалдырғанын мәлімдеді.

«Көзімді көгертті, шашымды жұлып, үйден қуып шықты»: Шымкенттік әйел күйеуі мен енесіне шағымданды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент тұрғыны Түймегүл Мейірхан күйеуі мен енесі өзіне күш көрсетіп, екі баласымен үйден қуып жібергенін мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, отбасындағы жанжал қызғаныштан басталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.

Әйел әлеуметтік желідегі жазбасында күйеуі мен енесі өзіне қол көтеріп, екі баласымен бірге үйден қуып шыққанын айтқан. Сондай-ақ балалары мен өзіне тиесілі жеке заттарын, әшекейлері мен төркінінен берілген бағалы бұйымдарын үйде қалдырғанын мәлімдеді.

Түймегүлдің сөзінше, полициямен бірге заттарын алуға барған кезде олардың бір бөлігі ғана берілген. Қалған заттарын алу үшін барғанында үйдің есігі ашылмаған.

Редакцияға пікір білдірген әйел жанжалдың 28 қыркүйекте болғанын айтты. Оның нұсқасы бойынша, күйеуі қызғаныштан ашуланып, оған күш көрсеткен. Ал енесі де жанжалға араласқан.

«Күйеуім көзімді көгертті. Бір адамнан кітап алған едім. Бәрі содан басталды. Ал бетімді қызартып, шашымды жұлған – енем», – дейді Түймегүл.

Әйелдің айтуынша, енесі оны жұмысқа шығуға көндіруге тырысқан. Оның сөзінше, енесі күйеуі екеуінің балаларын өзіне қалдырып, Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге баруын ұсынған. Алайда Түймегүл балаларының әлі кішкентай екенін және шетелде жұмыс істеуге дайын еместігін айтқан.

Оның мәлімдеуінше, осыдан кейін енесі оған балағат сөздер айтып, күш қолданып, үйден қуып шыққан.

Түймегүлдің айтуынша, үйден кеткеннен кейін күйеуі оны іздеп келмеген. Ол бұған дейін де жұбайы бірнеше рет отбасынан кетіп, оған опасыздық жасаған жағдайлар болғанын айтты.

Әйел сол күні полицияға арыз жазған. Оның сөзінше, құқық қорғау органдары шағымды қабылдап, істің қаралып жатқанын хабарлаған. Алайда кейін енесі де полицияға қарсы арыз түсіріп, келіні өзін бопсалап, пышақпен қорқытқанын мәлімдеген.

Түймегүл бұл айыптауды жоққа шығарып, енесі дәрігерден жалған анықтама алған болуы мүмкін деп күмән келтіретінін айтты. Оның сөзінше, полиция қазір сараптама қорытындысын күтіп отыр.

Қазір әйел екі баласымен әпкесінің үйін паналап отыр. Үлкен баласы үш жаста, кішісі бір жас он айлық.

Сонымен қатар Түймегүл күйеуінің өз атына несие және бөліп төлеу арқылы бірқатар тауар рәсімдегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы қарыз көлемі 1 миллион 300 мың теңгеге жеткен және қазір төлемдерді өзі өтеп жүр.

Әйелдің сөзінше, күйеуі оның атына рәсімделген қаражатты көлігінің несиесін төлеуге, телефон мен иіссу алуға жұмсаған.

Қазір жанжалға қатысты екі тараптың да шағымдары қаралып жатыр. Әйелдің айтқан жайттарына құқықтық баға тиісті тексеру мен сараптама нәтижесінде берілуі тиіс.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор