3339

Шымкенттік 19 жастағы жігіт Ресейге жұмысқа барып, соғыстан бір шықты

Туыстарының айтуынша, 19 жастағы Айнабек Жалғасбекұлы Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барғанымен, кейін әскери қақтығыс аймағына жіберілу қаупіне тап болған.

Шымкенттік 19 жастағы жігіт Ресейге жұмысқа барып, соғыстан бір шықты
Threads @ake1kewa_

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласының 19 жастағы тұрғыны Айнабек Жалғасбекұлы Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін әскери қақтығысқа қатысты жағдайға тап болғанын айтып, көмек сұрады. Оның туыстары жас жігітті Қазақстанға қайтаруға жәрдем беруді сұрап, мемлекеттік органдарға жүгінген. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Туыстарының айтуынша, Айнабек 2006 жылдың желтоқсанында туған. Ол Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеп келгеннен кейін жұмыс іздеген. Тамыз айының соңында басқа да жастармен бірге Ресейге күзет саласында жұмыс істеуге ұсыныс алып кеткен.

Отбасының мәліметінше, жастарға азаматтық нысандарды күзету, жақсы жалақы, тұратын жер және тамақпен қамтамасыз ету уәде етілген. Алайда Ресейге барғаннан кейін оларға бірқатар құжатқа қол қою ұсынылған. Туыстарының айтуынша, жастар құжаттардың мазмұнын толық түсінбеген.

Кейін Айнабек отбасына басқа қазақстандықтармен бірге жүргенін және әскери қақтығыс аймағына жіберілуі мүмкін екеніне алаңдайтынын айтқан. Әлеуметтік желіде тараған видеоүндеуінде ол бастапқыда Ресейге күзетші болып жұмыс істеу үшін барғанын айтып, Қазақстанға қайтуға көмек сұраған.

Айнабектің әпкесі әлеуметтік желідегі жазбасында отбасының бірнеше мемлекеттік органға жүгінгенін хабарлады. Туыстарының сөзінше, жас жігітпен бірге осындай жағдайға тап болуы мүмкін тағы бірнеше Қазақстан азаматы болуы ықтимал. Алайда бұл ақпарат әзірге негізінен жастардың өздері мен олардың жақындарының мәлімдемесіне сүйеніп отыр.

Жағдайға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де араласты. Ведомство Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданғанын хабарлады.

«Бұл мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Жұмыстың нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз», – деп мәлімдеді Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы.

Айнабектің туыстары үшін қазір ең басты мәселе – жас жігітті елге қайтару. Сонымен қатар олар оның Ресейдегі жұмысқа орналасу жағдайын және барғаннан кейін қол қойған құжаттарын тексеруді сұрап отыр.

Әзірге жарияланған материалдарда Ресей тарапы Айнабектің құқықтық мәртебесі немесе оның әскери бөлімде қандай жағдайда жүргені туралы ресми түсініктеме берген жоқ. Сондықтан оның Ресей аумағында қалай және қандай негізде әскери құрылымға тап болғаны әзірге нақты белгісіз. 

Материал авторы