1743

«Ұлы жазалаған»: Алматыда қолы байланған әйелдің видеосына қатысты тексеру басталды

Желі авторының мәліметінше, әйел үйдегі ұлынан қашып шығып, көшеге қолы байлаулы күйде жеткен.

«Ұлы жазалаған»: Алматыда қолы байланған әйелдің видеосына қатысты тексеру басталды
t.me/@gosrating

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда көшеде қолы байланған әрі аяқ киімсіз жүрген әйелге қатысты жағдай полицияның назарын аударды. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті жазды.

Оқиға туралы ақпарат Telegram желісіндегі «Письма президенту» арнасында жарияланған. Жазба авторының мәліметінше, әйел үйден сыртқа қашып шыққан.

Жарияланымда әйелдің қолын өз ұлы байлағаны және мұны анасының оның отбасылық өміріне араласқаны үшін «жаза» ретінде жасағаны айтылған. Алайда бұл ақпарат әзірге әлеуметтік желідегі жарияланым авторының сөзі ретінде ғана белгілі.

Алматы қаласы Полиция департаменті әйелдің жеке басы анықталғанын хабарлады. Қазір ол полиция бөлімінде болып, оқиғаға қатысты түсініктеме беріп жатыр.

«Қазіргі уақытта ол полицияда және түсініктеме беріп жатыр. Бұл жағдай бойынша бұған дейін полицияға ешқандай өтініш түспеген», – деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД.

Қазір полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр. Тексеру нәтижесінде жағдайға қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады. 

Материал авторы