Алматыда ер адам қызға таспен шабуыл жасаған: полиция күдіктіні іздеп жатыр (ВИДЕО)
Әйелдің айтуынша, ер адам алдымен оған қол көтермек болып, кейін таспен қуып, қолына түскен заттарды лақтырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының Жетісу-4 шағынауданында түнгі уақытта болған жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Қала тұрғыны ер адамның өзіне шабуыл жасап, таспен қуғанын айтып, полициядан көмек сұраған.
Оқиға Әуезов ауданындағы дүкендердің бірінің маңында болған. Әйелдің айтуынша, сол жерде ер адаммен жанжал туындаған. Ол ер адамның қатты мас болғанын алға тартқан.
Алматылықтың мәліметінше, ер адам оған қол көтермек болған. Кейін әйелді таспен қуып, қолына түскен түрлі заттарды лақтырған және артынан келетінін айтып қорқытқан.
Оқиға кезінде маңайда тағы бірнеше адам болған. Алайда әйелдің сөзінше, олардың екеуі және бір қыз жағдайға араласпай, сырттай бақылап тұрған.
Кейін оқиғаға куә болған ер адамдардың бірі араласып, әйелге көмек көрсеткен.
Әйел әлеуметтік желідегі жазбасында шабуыл кезінде өмірі үшін қатты қорыққанын айтып, бейнебақылау камерасындағы жазбадан күдіктінің жүзін анық көру қиын екенін жеткізген. Осыған байланысты ол Алматы тұрғындарынан ер адамның жеке басын анықтауға көмектесуді сұраған.
Жазба Threads желісінде тез тараған. Әйел пікірлердің бірінде полицияға арыз жазғанын, алайда құқық қорғау органдары ер адамды әзірге таба алмағанын мәлімдеген.
Алайда Алматы қаласы Полиция департаменті бұл жағдай бойынша әйелдің бұған дейін полицияға арызбен жүгінбегенін хабарлады. Қазір оның жеке басы анықталған, ол полиция бөлімінде түсініктеме беріп жатыр. Сонымен қатар полиция әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйелге күш қолдану фактісі тіркелгенін растады.
«Бейнежазбаға қатысты Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Қазір видеода бейнеленген ер адамның жүрген жері анықталып жатыр. Полиция оның әрекетіне құқықтық баға берілетінін және заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы