2044

«Өзімнің итім, өзім білемін»: Алматыда әйел итін өтіп бара жатқан адамға лақтырған

Оқиға кезінде бірнеше ер адам итті әйелден алып, ветеринарлық клиникаға жеткізгенін мәлімдеді.

«Өзімнің итім, өзім білемін»: Алматыда әйел итін өтіп бара жатқан адамға лақтырған
threads.com/@madinashariphanova , threads.com/@aik0sha1__

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әйелдің итті өтіп бара жатқан адамға қарай лақтырып, кейін жануарды жағасынан сүйреген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Оқиғадан кейін куәгерлер итті әйелден алып, ветеринарлық клиникаға жеткізген.

Видеода әйелдің итті қарғыбауынан ұстап тұрғаны көрінеді. Кейін ол жануарды алдында кетіп бара жатқан ер адамға қарай лақтырып, артынан итті жағасынан тартып әкеткен.

Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, бұл әйелдің жануарға қатыгездік танытқаны туралы алғашқы жағдай емес. Бұған дейін жарияланған жазбаларда оның итті ұрып-соққаны және қылқындырып қинағаны айтылған. Алайда бұл мәліметтер әзірге әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенеді.

Желіде тараған видеода әйел жануарға қатысты дөрекі сөздер айтып, оны шабуылдауға итермелейтін бұйрық қолданғаны да көрінеді.

Куәгерлер итті алып кеткен

Оқиғадан кейін бірнеше ер адам итті әйелден алып, қауіпсіз жерге жеткізген.

«Ит бізде. Оны тамақтандырып, бірден ветеринарға апардық. Қазір оған жаңа отбасы іздеп жатырмыз», – деп хабарлады куәгерлер.

Полиция тексеру бастады

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаның мән-жайын Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр.

Полицияның хабарлауынша, видеода әйелдің қолындағы итті өтіп бара жатқан адаммен жанжал кезінде пайдаланғаны байқалады. Қазір оқиғаға қатысушылардың жеке басы мен болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда. Оның ішінде жануарға қатысты жасалған әрекеттер де тексеріліп жатыр.

Тексеру қорытындысы бойынша әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция жануарларға қатыгездік көрсетуге жол берілмейтінін еске салды. Ведомство әр адамның жануарларға гуманистік әрі жауапкершілікпен қарап, олардың зардап шегуіне немесе зиян келуіне әкелетін әрекеттерге жол бермеуі тиіс екенін атап өтті.

 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор