787

14 млн теңгелік дау: Бишімбаевтың анасы экс-келінімен соттасты

Альмира Нұрлыбекова Назым Қаһарманның кәсіпкерлігіне берілген мүлікті басқару міндетін тиісінше орындамағанын айтып, соттан 14 млн теңгеден астам ақша өндіріп беруді сұраған.

14 млн теңгелік дау: Бишімбаевтың анасы экс-келінімен соттасты
instagram.com/nazymkakharman

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, куәлік Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова оның бұрынғы жұбайы Назым Қаһарманға қарсы сотқа жүгініп, 14 млн теңгеден астам қаражат өндіріп беруді талап еткен. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты дауды қарап, талапты ішінара қанағаттандырды.

Сот материалдарына сәйкес, Альмира Нұрлыбекова жеке кәсіпкер ретінде белгілі бір нысанның иесі болып табылады. Ол бұл мүлікті 2023 жылғы 1 қарашада Назым Қаһарманның NazKa жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға берген. Келісімшарт 2029 жылғы 31 қазанға дейін жасалған.

Талапкердің мәлімдеуінше, жауапкер нысанды жалға беру арқылы табыс тапқан. Алайда бұл қаражат мүлік иесіне берілмеген әрі нысанды пайдалану нәтижелері бойынша растайтын құжаттары бар толық есеп ұсынылмаған.

Нұрлыбекова осыны шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамау деп бағалап, соттан 14 074 771 теңге өндіріп беруді сұраған. Бұған қоса, ол төленген мемлекеттік баж бен соттағы өкілінің қызметіне жұмсалған шығындарды да өтеуді талап еткен.

Ал Назым Қаһарман талапты толық көлемде қанағаттандырудан бас тартуды сұраған. Оның пікірінше, талап етілген соманың көлемі де, оны өндіріп алуға негіз болған уәждер де жеткілікті түрде дәлелденбеген.

Сот істі қарау барысында талапкердің уәждерін тек ішінара негізді деп тапты. Судья жауапкердің талапкер алдында берешегі бар екенін растайтын жеткілікті әрі нақты дәлелдер ұсынылмаған деген қорытындыға келген.

Сот шешімімен NazKa жеке кәсіпкерлігінен Альмира Нұрлыбекованың пайдасына:

  • 6 665 391 теңге негізгі сома;

  • 66 654 теңге мемлекеттік баж;

  • 666 539 теңге өкіл қызметіне кеткен шығын өндірілетін болды.

Ал талапкер сұраған 7 409 380 теңгені өндіріп алу туралы бөлігі қанағаттандырылған жоқ.

Осылайша, бастапқыда 14 млн теңгеден астам қаражат талап еткен Нұрлыбекованың талабы сотта толық қолдау таппады. Сот шешіміне тараптар апелляциялық шағым бере алады.

Айта кетейік, бұған дейін Назым Қаһарман өзінің бұрынғы күйеуі, Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың анасы оны сотқа бергенін мәлімдеген еді. Ол сол кезде талап сомасы шамамен 25 млн теңге екенін айтқан. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор