181

Тоқаев Қорғаныс министрінің тағы бір орынбасарын қызметінен босатты

Әскер Бейсенов 2023 жылдың сәуірінен бері Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарып келген.

Тоқаев Қорғаныс министрінің тағы бір орынбасарын қызметінен босатты
Қорғаныс министрлігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Қорғаныс министрлігінде тағы бір кадрлық өзгеріс болды. Президент өкімімен Әскер Құрманғалиұлы Бейсенов Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорда жазды.

Әскер Бейсенов 1978 жылғы 12 қазанда Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында дүниеге келген.

Ол 1999 жылы Ярославль жоғары әскери қаржы училищесін «Әскерлерді қаржылық қамтамасыз ету және әскери шаруашылық экономикасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2002 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде «Құқықтану» мамандығын меңгерсе, 2014 жылы Қаржы академиясын «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Бейсенов Қазақстан Қарулы күштеріндегі қызметін Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернат тәрбиеленушісі ретінде бастап, кейін Қорғаныс министрлігінің экономика және қаржы департаментінің басшысына дейін көтерілген.

Әскери қызмет жылдарында бюджет жоспарлау, қаржы және аудит бағыттарында бірқатар жауапты лауазым атқарған. Сондай-ақ шетелдегі дипломатиялық корпус құрамында қызмет еткен.

2023 жылғы 24 сәуірде Мемлекет басшысының өкімімен Әскер Бейсенов Қазақстанның Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған еді.

Ол II дәрежелі «Айбын» орденімен, ведомстволық наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Бейсенов төрт баланың әкесі.

Айта кетейік, соңғы күндері Қорғаныс министрлігінде бірқатар жоғары лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Бұған дейін президент Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіровті, Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмаекейді және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбековті қызметтерінен босатқан.

Ал 5 қазанда Айтқұрман Омарбеков Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Материал авторы