«Шуламайық» деген ескертуге ашуланған: Атырауда төрт адам тұрғынды ұрып-соққан
Төрт жігіт түнде шулап жүргені үшін ескерту жасаған ер адамды ұрып, артынан үйіне тас лақтырған.
Атырауда Береке шағын ауданында төрт жігіт түнде шулап жүргені үшін ескерту жасаған жергілікті тұрғынды ұрып-соққан. Оқиға таңғы сағат 04:30 шамасында Сарыарқа көшесінде болған. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.
Сот материалдарына сәйкес, алдымен шулап жүрген компанияға жәбірленушінің әйелі ескерту жасаған. Алайда жігіттер оған құлақ аспай, балағат сөздер айтып, шуын жалғастырған.
Осыдан кейін ер адам өзі олардың жанына барған. Сол кезде жігіттердің бірі оның бетіне жұдырықпен соққан. Ер адам құлағаннан кейін үшеуі оны қолдарымен және аяқтарымен ұрған. Төртінші адам жәбірленушіні күрек сабымен соққан.
Оқиға көшеде өтіп бара жатқан адам телефонға түсіре бастағанда ғана тоқтаған. Жәбірленуші орнынан тұрып, үйіне қарай қашқан. Алайда жігіттер оны қуып, артынан тас лақтырған. Тас үйдің терезесін сындырған.
Сотта төрт айыпталушы да кінәсін мойындап, келтірілген залалды өтеген және жәбірленушіден кешірім сұраған.
Жақында Атырау қаласының №2 соты оларды топ болып бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім шыққанға дейін олар қамауда болған. Сот шешімі жарияланғаннан кейін барлығы сот залынан босатылды.
Материал авторы