Шымкентте жерасты құдығында екі жұмысшы қаза тапты
Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар жерасты құдығында жиналған газдан уланып, қаза тапқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте жерасты коммуналдық жұмыстарын жүргізу кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайға жерасты құдығында жиналған газ себеп болған. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жазды.
Оқиға құбыр тарту жұмыстары барысында болған. Жұмысшылар жерасты құдығында болған кезде жиналып қалған қалдық газдан уланып, көз жұмған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, нысандағы еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлғаларды белгілеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Полиция тергеу мүддесіне байланысты әзірге басқа ақпарат жарияланбайтынын хабарлады. Мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес шектелген.
Материал авторы