969

Ақтауда 9 жастағы баланың өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі Ақтаудағы жағдайды түсіндірді

Баланың үш туысы әлі ауруханада ем алып жатыр, ал әкесінің жағдайы жақсарып келеді.

Ақтауда 9 жастағы баланың өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі Ақтаудағы жағдайды түсіндірді
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында ботулизм диагнозы қойылған 9 жастағы бала қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі оның ауруханаға ауыр жағдайда түскенін және дәрігерлердің барлық қажетті емді жүргізгенін мәлімдеді. 

2016 жылы туған бала 19 қыркүйекте Мұнайлы аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Жағдайының ауыр болуына байланысты сол күні Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған.

Мамандар баладан тағамдық ботулизм белгілерін анықтаған. Балаға ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сонымен қатар қажетті қарқынды ем жүргізілген.

Науқастың жағдайы оны басқа медициналық мекемеге тасымалдауға мүмкіндік бермейтіндей ауыр болған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы республикалық деңгейдегі мамандарды емдеу процесіне тартқан.

Маңғыстау облысына Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисті мен анестезиолог-реаниматологы арнайы барып, емдеу тәсілін түзеген. Кейін дәрігерлер тұрақты түрде консилиум өткізіп, телемедицина арқылы қосымша кеңес алған.

Алайда жүргізілген емге қарамастан, баланың жағдайы күрт нашарлаған. Аурудың ауыр өтуі салдарынан миы ісініп, бірнеше ағзасының қызметі бұзылған. Науқас III дәрежелі комаға түскен. 6 қазанда бала қайтыс болды.

Баланың үш туысы ауруханада жатыр

Қазір баланың үш туысы әлі де медициналық бақылауда. Олардың екеуі көпбейінді ауруханада ем алып жатыр. Баланың әкесінің жағдайы жақсарып келеді.

Денсаулық сақтау министрлігі ботулизмнің ботулин токсинінен туындайтын ауыр әрі өмірге қауіп төндіретін ауру екенін ескертті. Токсин жүйке жүйесіне әсер етіп, көрудің бұзылуына, жұтынудың қиындауына және тыныс алу проблемаларына әкелуі мүмкін.

Аурудың алғашқы белгілеріне әлсіздік, жүрек айну, іштің ауыруы, ауыздың құрғауы, көздің бұлдырауы немесе қосарланып көруі жатады. Кейін жұтыну қиындап, дауыс өзгеріп, тыныс алу бұзылуы ықтимал.

Министрлік ботулизм белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделмей, медициналық көмекке дереу жүгіну қажеттігін еске салды. Ауруды ерте анықтап, арнайы емді уақытында бастау науқастың өмірін сақтап қалу үшін маңызды.

Материал авторы