Астанада мектеп гардеробында оқушылар қысылып қалды: директор қызметінен алынды
№99 мектепте екінші ауысымдағы сабақ кестесінің сәйкес келмеуінен жеті сыныптың оқушылары бір уақытта сыртқа шыққан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астананың Есіл ауданындағы №99 жалпы білім беретін мектепте гардероб маңында оқушылардың жаппай жиналуынан кейін мектеп директоры қызметінен босатылып, гардероб қызметкері жұмыстан шығарылды.
Оқиға мектепте 7 қазан күні болған. Әлеуметтік желіде оқушылардың гардероб маңында көптеп жиналған сәті түсірілген видео тарады. Кейбір оқушылар бірнеше баланың жарақат алғанын, тіпті бірқатар оқушының тыныс алуы қиындап, құлағанын айтқан.
Алайда Астана қаласының Білім басқармасы бұл мәліметтердің барлығы расталмағанын хабарлады. Ведомство мамандары мектептегі бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген.
Білім басқармасының мәліметінше, оқушылардың бір уақытта жиналуына екінші ауысымдағы сабақ кестесінің үйлеспеуі себеп болған. Сабақ аяқталған кезде жеті сыныптың оқушылары бір мезетте мектептен шыққан. Соның салдарынан сырт киім сақталатын гардероб аймағында қысқа уақыт ішінде адам көп шоғырланған.
Оқушылардың бірі есінен танып, құлағаны туралы ақпарат та бейнежазбаларды тексеру кезінде расталмаған.
Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі гардероб маңындағы бақылау мен қызметкерлердің кезекшілігін күшейтті. Сонымен қатар оқушылардың мектеп ішінде қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін қосымша ұйымдастыру шаралары қолға алынды.
Жағдайға байланысты мектептің гардероб қызметкері жұмыстан шығарылып, директор қызметінен босатылды. Астана қаласының Білім басқармасы бұл шешім оқиғадан кейін қабылданғанын мәлімдеді.
Материал авторы