Қырғызстанда Атамбаевтың ұлы билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталды
Тергеу тарапы саясаткерлер мен бұрынғы шенеуніктер сайлаудан кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды деп есептеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанда «Социал-демократтар ісі» бойынша сот үкімі шықты. Экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Kaktus.media жазды.
Іс бойынша сот отырысы Бішкекте жабық режимде өткен. Судья кеңесу бөлмесінен оралғаннан кейін айыпталушыларға қатысты үкімді жариялаған.
Сот шешімі бойынша Темирлан Султанбеков жеті жылға, Қадырбек Атамбаев төрт жылға, ал Абдурахим Абдрахманов сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Абдрахманов бұған дейін де аламүдүн аудандық сотының үкімімен алаяқтық ісі бойынша сотталған.
Ал Эрмек Эрматовқа тағылған бап қайта сараланып, оған пробациялық бақылау қолданылды. Ол сот залында қамаудан босатылды. Бұрынғы депутат Кубанычбек Кадыров іс бойынша толық ақталды.
Сотта Қазақстан азаматы Серікбай Қабыланбек те қамаудан босатылды. Ол тағайындалған жазасын өтеп болғандықтан, сот Қабыланбекті Қырғызстан аумағынан шығару туралы шешім қабылдаған.
Бұл іс бойынша алғашқы ұсталымдар 2025 жылдың қараша айының соңында жүргізілген. Сол кезде Қырғызстан Ішкі істер министрлігі «Социал-демократтар» партиясының өкілдерін жаппай тәртіпсіздікке дайындалды деген күдікпен ұстағанын хабарлаған. Ведомство мәліметінше, барлығы он адам ұсталған.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын өткен сайлауынан кейін жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлаған. Олардың қатарында саясаткерлер, бұрынғы депутаттар, кәсіпкерлер, экс-шенеуніктер және күштік құрылымдардың бұрынғы қызметкерлері болған.
Тергеу мәліметінде топ өз мақсатына жету үшін жақтастарын, оның ішінде ұйымдасқан қылмыс топтары мен спорттық қауымдастық өкілдерін тартуға тырысқаны айтылған. Құқық қорғау органдары мұны арандатушылық пен күш қолдануға ұласуы мүмкін әрекеттер ретінде бағалаған.
Іс барысында Қадырбек Атамбаевқа тағылған айып та ауырлатылған. Оның айтуынша, бастапқыда оған қатысты бап кейінірек билікті күшпен басып алуға әрекет жасау бабына қайта сараланған.
Сот бүгін осы даулы іске қатысты нүкте қойып, бірқатар айыпталушыға нақты жаза тағайындады.
Материал авторы