2399

Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы сауданы 20 млрд долларға жеткізуді ұсынды

Мемлекет басшысы қазіргі 13 млрд доллар шамасындағы өңірішілік сауда көлемінің әлеуетті толық қамтымай отырғанын айтты.

Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы сауданы 20 млрд долларға жеткізуді ұсынды
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы өзара сауда көлемін кемінде 20 млрд долларға жеткізуді ұсынды. Бұл туралы Ақорда жазды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуінде өңірдегі экономикалық ықпалдастықтың қазіргі деңгейіне тоқталды.

Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдары елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыс айтарлықтай нығайған. Бірлескен кәсіпорындар саны артып, іскерлік байланыстар кеңейген. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Саудадағы кедергілер де біртіндеп азайып келеді. Шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып, автокөлік және теміржол қатынасы кеңейіп жатыр.

Алайда Президент қазіргі көрсеткіштерді жеткілікті деп санамайды. Оның мәліметінше, былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 млрд долларды құраған. Бұл Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның жалпы тауар айналымының шамамен 8 пайызына тең.

«Ішкі нарық әлеуеті әлі де зор» деген Тоқаев үкіметтерге өзара сауда көлемін ұлғайтуға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.

Президент бұл жұмыстың негізгі мақсаты ретінде өңірдегі өзара сауданы кемінде 20 млрд долларға жеткізудіатады.

Тоқаев экономикалық ықпалдастықтың маңызын геосаяси жағдаймен де байланыстырды. Оның сөзінше, халықаралық қатынастар жүйесі өзгеріп, геосаяси шиеленіс пен әлемдегі жіктелу күшейген тұста Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық стратегиялық мәнге ие.

Мемлекет басшысы бауырлас елдер арасындағы өзара қолдау, сенім мен бірлікті өңірдің тұрақты дамуының маңызды негіздерінің бірі деп бағалады.

Материал авторы