Орал әуежайына қона салысымен Қазақстанды балағаттаған шетелдікке айыппұл салынды
52 жастағы жолаушы паспорттық бақылау залында бейәдеп сөздер айтып, Қазақстанға қатысты қорлайтын пікір білдірген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Орал әуежайында Стамбұлдан ұшып келген 52 жастағы шетелдік паспорттық бақылау кезінде қоғамдық тәртіпті бұзды. Ол бейәдеп сөздер айтып, Қазақстанға қатысты қорлайтын пікір білдірген. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Оқиға Стамбұл–Орал бағытындағы әуе рейсі қонғаннан кейін болған. Жолаушы шекаралық бақылау залында жұрттың көзінше балағат сөздер айтып, қабылдаушы елге қатысты әдепсіз сөздер қолданған.
Көлік полициясының қызметкерлері тәртіп бұзған ер адамды дереу тоқтатып, оны кезекші бөлімге жеткізген.
Құқық қорғау органдары оған қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Сонымен қатар шетелдікпен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, Қазақстан заңнамасының талаптары мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілік түсіндірілген.
Істі мамандандырылған сот қарап, шетелдікті ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған әкімшілік айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, ер адамға мұндай әрекетті қайталауға жол берілмейтіні туралы ресми ескерту жасалды.
Материал авторы