4710

Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін алаңға оралды

18 жастағы қазақстандық футболшы жарақаттан кейін «Бернли» сапындағы жаттығуына қайта кіріскенін көрсетті.

Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін алаңға оралды
instagram.com/burnleyofficial

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, футболшы Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін алаңға оралып, ағылшынның «Бернли» клубымен жаттығуды қайта бастады. Спортшы жаттығу барысындағы алғашқы кадрларын әлеуметтік желіде жариялады.

18 жастағы футболшы 8 қазанда Instagram желісіндегі Stories бөлімінде «Бернлидің» формасындағы бірнеше суретін бөлісті. Кадрлардан Сәтпаевтың командалық жаттығуға қайта қосылғанын байқауға болады.

Сәтпаев жарақатты 2 қыркүйекте Чемпионшиптің төртінші турында «Мидлсброға» қарсы өткен матчта алған. Ол кездесуді негізгі құрамда бастап, алаңда 81 минут ойнаған. Кейін аяғындағы ауырсынуға байланысты ауыстыруды сұраған.

Кейін «Бернли» клубы футболшының жамбастың артқы бөлігіндегі жарақатына байланысты бірнеше апта ойындарға қатыса алмайтынын хабарлаған.

24 қыркүйекте Сәтпаевтың жаттығуға бірнеше күннен кейін оралатыны белгілі болды. Қазақстандық футболшы жарақатынан кейінгі оңалту кезеңін Лондондағы «Челси» клубының базасында өткізді. Ағылшын клубы Сәтпаевтың трансферлік құқықтарына ие.

Бұған дейін «Бернли» бас бапкері Ники Хайен қазақстандық шабуылшының команда үшін маңызына тоқталған еді. Енді Сәтпаевтың жаттығуға қайта оралуы оның алаңға шығуына жасалған маңызды қадам болып отыр.

Материал авторы