1080

Риддерде қаланы қонжықтары бар аю торлап жүр

Тұрғындар үйлердің маңында аюлар жүретінін айтып дабыл қақты.

Риддерде қаланы қонжықтары бар аю торлап жүр
куәгерлерден

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғындары түнде жеке үйлердің маңында аю мен қонжықтарын көрген. Жабайы аңдар қаланың орталығына жақын көшелерде жүрген. Бұл жағдай тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл туралы Noks.kz басылымы жазды.

Оқиға өткен түні болған. Куәгерлердің айтуынша, Лазо көшесіндегі №13 үйдің ауласында аю қонжығымен жүрген. Оларға қарай ит жүгіріп шыққан соң, аңдар темір торлы қоршаудан асып, қашып кеткен. Кейін оларды «Крестьянский Дом» дүкенінің маңынан байқаған.

«Біз полиция шақырдық», – дейді оқиға куәгерлері.

Таңертең қалалық чаттарда басқа тұрғындар да жабайы аңдарды көргені туралы жазған. Бір ер адам түнгі сағат төрт шамасында Семей көшесінен екі аюды байқағанын хабарлаған. Аталған дүкен де осы көшеде орналасқан. Бұл аумақ Тәуелсіздік даңғылы мен Республика алаңына жақын, яғни қаланың орталық бөлігіне жатады.

Бұдан бөлек, түнгі сағат бір шамасында Базарная көшесінде түсірілген тағы бір видео тараған. Куәгерлер жаңа №12 мектепке қарай бара жатқанда аюларды көрген. Кадрларға қарағанда, бұл бұрын байқалған аю мен қонжық болуы мүмкін. Кейбір видеоларда аюдың жанында екі қонжық жүргені көрінеді.

Тұрғындардың айтуынша, бір күн бұрын жабайы аңдар Таловка ауданында да байқалған. Адамдар олардың іздерін суретке түсіріп, бүлінген қоршауларды көрсеткен. Риддерде аюлардың қайта-қайта көрінуі жергілікті тұрғындарды алаңдатып, олар тиісті шара қабылдауды талап етіп отыр.

Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағының мамандары Риддерге келіп, жұмысқа кіріскен. Инспекторлар аюлардың қозғалысын бақылап, оларды үркітіп, қаладан кетуіне ықпал етпек.

Жасақ басшысы Ермек Бағланұлының айтуынша, Риддерде күн райы бұзылып, жақын арада қар жаууы мүмкін. Алғашқы қардан кейін аюлар қысқы апандарына жақындап, оларды дайындай бастайды. Мамандардың болжамынша, тағы екі апта шамасында аңдар тауға қарай кетеді. Бір жарым айға жуық уақыттан кейін қысқы ұйқыға жатады.

Материал авторы