1998

Астанада өзін әскери қызметкер деп таныстырған үш ер адам тұрғынды қоршауға алған

Астаналық тұрғынның айтуынша, өзін әскери комиссариат қызметкері деп таныстырған үш ер адам оны белгісіз жаққа бірге жүруге көндірмек болған, алайда полиция шақыру туралы сөзден кейін оқиға орнынан кетіп қалған.

Астанада өзін әскери қызметкер деп таныстырған үш ер адам тұрғынды қоршауға алған
threads.com/@miras_karimbekov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада өзін әскери комиссариат қызметкерлері деп таныстырған үш белгісіз ер адам тұрғын мен оның жүкті әйелін үйіне қайтып бара жатқанда тоқтатып, бірге жүруді талап еткен. Ер адамның айтуынша, ол полиция шақыруды сұраған сәтте бейтаныс адамдар жан-жаққа қашып кеткен.

Астаналық тұрғын әлеуметтік желідегі Threads парақшасында оқиғаның мән-жайын баяндаған. Оның сөзінше, жағдай бір күн бұрын кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Ол жұмыстан жүкті әйелімен бірге үйіне жаяу қайтып келе жатқан.

Жолда ерлі-зайыпты өздерінің соңынан екі белгісіз адамның келе жатқанын байқаған. Үйіне жақындағанда әлгі адамдар ер адамды аты-жөнімен атап тоқтатқан.

Тұрғынның айтуынша, бейтаныс адамдар әуелі өздерін қандай да бір департаменттің қызметкерлері ретінде таныстырып, кейін әскери комиссариаттан келгендерін айтқан. Олар ер адамнан өздерімен бірге жүруді талап еткен. Ол әскери қызметке жарамсыздығы туралы анықтамасы барын түсіндірсе де, әлгі адамдар талабынан қайтпаған.

Көп ұзамай оларға тағы бір ер адам қосылып, үшеуі ерлі-зайыптыны қоршап алған. Тұрғынның сөзінше, жүктілігінің соңғы айларындағы әйелі қатты қобалжып, оқиғаны телефонға түсіре бастаған. Камераны көрген белгісіз адамдар жүздерін жасыруға тырысқан. Ер адам полиция шақыруды талап еткенде, үшеуі әр жаққа қашып кеткен.

Астаналық тұрғын олардың шынымен әскери комиссариат қызметкерлері екеніне күмән келтірген. Ол бейтаныс адамдар көрсеткен қызметтік куәліктерге және телефонына әскери шақырту келгені туралы айтқандарына сенбеген. Ер адамның мәліметінше, соңғы төрт жылда телефонына мұндай хабарлама түспеген.

Ол сондай-ақ белгісіз адамдардың өзінің аты-жөнін, жұмыс орнын және үйіне қайтатын әдеттегі бағытын қайдан білетінін сұрады. Тұрғын Астана қаласының Полиция департаментінен оқиғаны тексеріп, тиісті шара қабылдауды өтінді. Оның болжамынша, бұл жағдай алаяқтық схемасына байланысты болуы мүмкін.

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты пікір білдіріп, әлгі адамдардың ведомство қызметкерлері екенін растаған жоқ. Ал полиция әзірге ресми жауап бермеген.

Материал авторы