1869

«Инцест – харам»: отандық стендап-комиктің пікірі аутизмі бар екі баланың анасын ызаландырды

Ата-ананы кінәлауды қашан қоямыз деп талап етті ерекше баланың анасы.

«Инцест – харам»: отандық стендап-комиктің пікірі аутизмі бар екі баланың анасын ызаландырды
instagram.com/dinaradt

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, стендап-комик Әлібек Жұмабаевтың әлеуметтік желіде жазған пікірі қоғамда дау туғызды. Аутизмі бар екі баланы тәрбиелеп отырған блогер Динара Еркінова комиктің «Инцест – харам» деген сөзін өзіне және балаларының ерекшелігі бар ата-аналарға бағытталған қорлау ретінде қабылдаған. Ол ашық видеоүндеу жариялап, қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге дайын екенін мәлімдеді.

Динара Еркінова өзінің жазбасында қара юморды қоса алғанда, әзілдің түрлі түрін жақсы көретінін айтты. Оның сөзінше, күнделікті өмірдегі қиындықтарға қарамастан, әзіл мен өзін-өзі әжуалау оған қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Алайда оның пікірінше, әзілдеу мен адамды қорлаудың арасы жер мен көктей.

Блогер екі баласының тәрбиесімен тәулік бойы айналысатынын, олардың өмірі мен дамуына бар күшін салып жүргенін жеткізді. Ол комиктің сөзі денсаулығында ерекшелігі бар немесе мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың намысына тиетінін атап өтті.

Еркінованың пайымынша, мұндай пікірлер баланың денсаулық ерекшелігі үшін ата-ананы кінәлау сияқты орынсыз түсінікті күшейтеді. Ол отбасылардың өз тегін, ата-бабасын білмейтіні туралы болжамды да сынға алды.

Блогер комиктің діни ұғымдарды қолдана отырып, ата-аналарды айыптағанына наразылық білдірді. Оның пікірінше, қоғамда ерекше қажеттілігі бар балалардың дүниеге келуіне ата-ананы кінәлау көзқарасы әлі де кездеседі. Ал мұндай пікірлер мәселені шешпей, керісінше, отбасыларға қосымша қысым түсіреді.

Динара Еркінова аудитория алдында сөйлейтін адамдардың өз сөздеріне жауапкершілікпен қарауы керегін де ескертті. Оның айтуынша, әзілдеуге және күлуге болады, бірақ адамды үнемі қорлау шектен шығумен тең. Блогер мұндай жағдайлар сотқа талап-арыз түсіруге негіз болуы мүмкін екенін айтты.

Жазба астындағы пікірлерде тағы бір қолданушы Әлібек Жұмабаевтың бұған дейін Threads желісіндегі өз жарияланымына да дөрекі пікір қалдырғанын мәлімдеді. Ол комиктің ата-анасына қатысты балағат сөздер жазғанын алға тартты.

Ал Әлібек Жұмабаев Динара Еркінованың видеоүндеуіне пікір білдіріп, оны жеке айыптамағанын және қорлауды мақсат етпегенін айтты. Оның түсіндіруінше, жазған сөзі инцестке қатысты жалпы көзқарасын білдірген. Комик бұл құбылысты тек діни тұрғыдан ғана емес, кез келген жағдайда теріс деп санайтынын жеткізді.

Сонымен қатар ол пікірінің басқаша қабылданғанын мойындап, түсінбеушілік туындаса, кешірім сұрайтынын жазды.

Осылайша, әлеуметтік желідегі қысқа пікір әзілдің шекарасы, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға құрметпен қарау және көпшілік алдында сөз айтатын адамдардың жауапкершілігі жөніндегі қоғамдық талқылауға ұласты.

Материал авторы