1828

Астанада бейнебақылау камерасын бүлдірген оқушылардың ата-аналары жазаланды

Екі жетінші сынып оқушысы аялдамадағы камераны әдейі сындырған көрінеді.

Астанада бейнебақылау камерасын бүлдірген оқушылардың ата-аналары жазаланды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада екі жетінші сынып оқушысы аялдамаға орнатылған бейнебақылау камерасын қасақана бүлдірген. Оқиғадан кейін жеткіншектермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, оқиға елордадағы Дәурен көшесінде болған. Екі оқушы аялдамадағы бейнебақылау камерасын әдейі зақымдаған.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан заңнамасының талаптары мен бөтеннің немесе қоғамдық мүлікті қасақана бүлдіргені үшін қарастырылған жауапкершілікті түсіндірген.

Құқық қорғау органдары қоғамдық орындардағы бейнебақылау жүйелерінің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына ерекше назар аударған. Мұндай құрылғыларды бүлдіру материалдық шығын келтіріп қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де кері әсер етуі мүмкін.

Оқиғаға байланысты оқушылардың ата-аналарына қатысты Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Бұл бап балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауға қатысты.

Полиция бөтеннің немесе қоғамдық мүлікті бүлдіру заңға қайшы әрекет екенін еске салды. Ведомство кәмелетке толмағандардың әрекеті үшін олардың өздерімен қатар ата-аналары немесе заңды өкілдері де жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін атап өтті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор