Теміртауда ерлі-зайыпты өлі табылды: күдікті олардың 20 жастағы ұлы
Теміртауда пәтерден 52 жастағы ер адам мен 49 жастағы әйелдің мәйіті табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Теміртау қаласында ерлі-зайыптының мәйіті табылды. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, марқұмдардың 20 жастағы ұлы күдікті ретінде ұсталды.
7 қазанда Республика даңғылындағы пәтерлердің бірінен 52 жастағы ер адам мен 49 жастағы әйелдің мәйіті табылған. Осы оқиғадан кейін полиция адам өлтіру дерегі бойынша тергеуді бастаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында құқық қорғау органдары марқұмдардың 20 жастағы ұлын анықтап, ұстаған. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ол қылмыс жасады деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция өзге мәліметтерді әзірге жариялаған жоқ.
Күдіктінің кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен ғана анықталады.
Материал авторы