«Құбылмалы әлемде бірге болу маңызды»: Тоқаев ТМД елдеріне үндеу жасады
Тоқаев Астанада ТМД елдерінің жасанды интеллект жөніндегі форумын өткізуді ұсынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдерді тұрақсыз халықаралық жағдайда ынтымақтастықты күшейтіп, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға шақырды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасатын тұрақты тетік құруды, Астанада арнайы форум өткізуді және Достастық халықтарының әдеби мұрасынан ортақ цифрлық кітапхана жасақтауды ұсынды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің айтуынша, цифрландырудың маңызы артып, жасанды интеллект пен суперинтеллектіні қолдану аясы кеңейіп келеді. Мұндай жағдайда жаңа технологияларды меңгеріп, өз әзірлемелерін өндіріске енгізу ТМД елдерінің экономикалық бәсекеге қабілетін айқындайтын маңызды факторға айналады.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект стратегиясы, заңнамалық реттеу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасатын тұрақты механизм қалыптастыруды ұсынды. Бұл бастамаға ғылыми орталықтар, жоғары оқу орындары, компаниялар мен стартаптар қатыса алады.
Сонымен қатар Президент келесі жылдың алғашқы тоқсанында Астанада ТМД елдерінің жасанды интеллект саласындағы мамандарына арналған арнайы форум өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың да маңызын атап өтті. Оның пікірінше, халықтар арасындағы тығыз қарым-қатынас, өзара сенім, ортақ мәдени ерекшеліктер мен орыс тілі Достастық елдерін байланыстыратын маңызды факторлардың қатарында.
Тоқаев Қазақстанның бастамасымен ТМД мемлекеттері басшыларының мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі мәлімдемесі қабылданғанын еске салды. Сондай-ақ биыл тамызда Астанада алғаш рет ТМД волонтерлер форумы өткенін айтты.
Президент волонтерлік қызметтің Қазақстанның жаңа Конституциясында көрініс тапқанына тоқталып, еріктілердің конституциялық мәртебесі олардың қызметіне ерекше қолдау көрсетуге негіз болатынын жеткізді. Ол бастамаларды қолдаған әріптестері мен ТМД елдері үкіметтерінің басшыларына алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілінің Достастық елдері арасындағы өзара түсіністікке, білім беру мен ғылым салаларындағы серіктестікке және адамдар арасындағы байланысты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Осы орайда ол әріптестерін Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырды.
Сонымен бірге Президент ТМД халықтарының тілдері мен мәдени әралуандығын сақтап, әр елдің тарихы мен дәстүріне құрметпен қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, халықтар арасындағы достықты нығайту үшін жаңа ынтымақтастық жолдарын іздеу маңызды.
Мемлекет басшысы жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мәселесіне де назар аударды. Ол интернет пен қысқа бейнеформаттар кең тараған кезеңде кітап оқудың маңызы төмендемеуге тиіс екенін айтып, Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленіп, «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы жүзеге асырылып жатқанын еске салды.
Осы бастамаларды жалғастыру мақсатында Тоқаев ТМД елдерінің таңдаулы әдеби шығармаларынан «ТМД кітапханасының алтын қорын» құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл қорды құрылысы келесі жылдың ортасында аяқталуы жоспарланған Астанадағы Президент кітапханасына орналастыруға болады.
Жоба аясында әдеби шығармаларды кәсіби аударып, көпшілікке қолжетімді цифрлық кітапхана құру көзделеді. Президенттің пікірінше, Достастық халықтарының үздік туындыларын насихаттау жастардың өзге елдердің тарихы мен мәдениетін тереңірек тануына, өзара түсіністіктің артуына және қазіргі құбылмалы заманда ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.
Материал авторы