Ақмола облысында әкім кәсіпкерлікке заңсыз араласқаны үшін жазаланды
Құны 600 млн теңге болатын инвестициялық жобаға қатысты жер конкурсының нәтижесі сот шешімімен жойылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында ауылдық округ әкімі кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратураның араласуынан кейін инвестордың құқығын бұзған жер конкурсының нәтижесі де күшін жойды. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасының ресми сайты жазды.
Біржан сал ауданының прокуратурасы бордақылау алаңын салу жобасын жүзеге асырмақ болған «Zere Agro Holding» ЖШС-нің құқығын қорғады. Құны 600 млн теңге болатын инвестициялық жоба аясында 10 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Алайда инвестор жер телімін алу кезеңінде кедергіге тап болған.
Прокуратураның мәліметінше, жер учаскесін беру жөніндегі конкурс кезінде Үлгі ауылдық округінің әкімі қатысушылардың біріне тұрғылықты жері туралы анықтама берген. Бірақ құжаттағы мәліметтер мемлекеттік тіркеу деректерімен сәйкес келмеген.
Осы анықтаманы негізге алған жер комиссиясы конкурсқа қатысушыға негізсіз қосымша ұпай есептеген. Бұл конкурстың қорытындысына әсер етіп, инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниетті кәсіпкердің құқығын бұзған.
Осыған байланысты аудан прокуратурасы тиісті шаралар қабылдады. Үлгі ауылдық округінің әкімі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған норма кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға қатысты.
Бұдан бөлек, істі қараған сот жер конкурсының нәтижесін жойды.
Қазіргі уақытта «Zere Agro Holding» ЖШС-не инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер телімін беру мәселесі аудан прокуратурасының бақылауында.
Ақмола облысы Біржан сал ауданы Үлгі ауылдық округі әкімдігі аппаратының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, ауылдық округ әкімі қызметін 2022 жылғы 17 қазаннан бері Рысжан Абжанова атқарып келеді.
Материал авторы