«Дастан оралды»: «Бернли» бас бапкері Дастан Сәтпаевтың жағдайы туралы мәлімдеді
«Бернли» бас бапкері Ники Хайен қазақстандық шабуылшының алдағы матчқа қатысуға дайын болатынын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, футболшы Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін жаттығуға оралып, алдағы матчқа қатысуға дайын. «Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен шабуылшының жағдайы туралы мәлімдеді.
18 жастағы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Чемпионшиптің төртінші турында «Бернли» мен «Мидлсбро» арасындағы кездесуде жарақат алған. Өз алаңында өткен матч 1:1 есебімен аяқталған еді. Сәтпаев негізгі құрамда шығып, 81-минутқа дейін ойнады. Алайда аяқ жарақатына байланысты оны ауыстыруға тура келді.
Кейін клуб футболшының жарақатына байланысты бірнеше апта бойы ойындарға қатыса алмайтынын хабарлаған. Енді шабуылшы қайта жаттыға бастады.
«Дастан оралды. Ол толыққанды жаттығып жүр және матчқа қатысуға дайын болады», – деді Ники Хайен 8 қазанда «Уотфордқа» қарсы кездесу алдындағы баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ «Бернли» клубының Instagram парақшасында Сәтпаевтың жаттығу кезіндегі суреттері мен видеолары жарияланды. Жазбаларға көптеген пікір қалдырылып, қазақстандық жанкүйерлер футболшыға қолдау білдірді.
Олардың арасында «Жолбарыс оралды», «Алға, Дастан! Қазақстан сенімен бірге!» деген тілектер бар. Жанкүйерлер шабуылшының алдағы ойындарда сәтті өнер көрсетуіне үміт білдіріп, гол соғуын күтіп отырғандарын жазған.
10 қазан, сенбі күні «Бернли» Чемпионшип аясында сырт алаңда «Уотфордпен» кездеседі. Бас бапкердің мәлімдемесіне қарағанда, Сәтпаевтың осы матчқа қатысу мүмкіндігі бар. Дегенмен оның негізгі құрамға енетіні немесе қосалқы құрамда қалатыны әзірге нақтыланбаған.
Осылайша, жарақатына байланысты бір айға жуық уақыт алаңнан тыс қалған қазақстандық футболшы ресми ойындарға қайта оралуға жақын.
Материал авторы