Шымкентте Қайрат Нұртас концерті кезінде қыздар төбелесіп қалды
Әлеуметтік желіде тараған видеода концертке келген қыздардың бір-бірінің шашынан тартып, төбелесіп жатқаны көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте Қайрат Нұртас концерті кезінде қыздар арасында төбелес болды. Жанжал түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.
Желіде жарияланған кадрлардан қыздардың бір-бірінің шашынан тартып, төбелесіп жатқанын көруге болады. Сол маңдағы көрермендердің бір бөлігі концертті тамашалауын жалғастырса, кейбірі жанжалдасқандарды ажыратуға тырысқан.
Видеоның сипаттамасында жанжалға жігітке деген қызғаныш себеп болғаны айтылған. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталмаған.
Қайрат Нұртас 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда концерт берген. Бұған дейін концерт кіреберісінде адам кептелісі туындап, көрермендер әлеуметтік желіде ретсіздікке, қоршаулардың бүлінуіне және адамдардың жарақат алуына қатысты шағымданған еді.
Шымкенттің жедел қызметтерінің мәліметінше, концерт кезінде зардап шеккен 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы ауыр деп бағаланған.
Оқиғаға байланысты полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Концертті ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы