3244

Ташкент метросында 10 мың доллар жоғалтқан қазақстандық ақшасын түгел қайтарып алды

Көлік сатып алу үшін Ташкентке барған қазақстандықтың сөмкесінен 10 мың доллары түсіп қалған, ал ақшаны байқап қалған жолаушы оны метро қызметкерлеріне тапсырған.

Ташкент метросында 10 мың доллар жоғалтқан қазақстандық ақшасын түгел қайтарып алды
Kun.uz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ташкент метросында 10 мың доллар жоғалтқан Қазақстан азаматы ақшасын түгел қайтарып алды. Ірі соманы метро қызметкері емес, қарапайым жолаушы әйел тауып, тиісті қызметкерлерге тапсырған.

«Ташкент метрополитені» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі оқиғаға қатысты бейнежазбаны жариялады. Кадрлардан жолаушылармен бірге келе жатқан ер адамның сөмкесінен ақшаның жерге түсіп қалғанын көруге болады. Ол ақшасының жоғалғанын байқамай, жолын жалғастырып кеткен.

Біраз уақыттан кейін бір әйел еденде жатқан ақшаны байқап, оны метро станциясында кезекшілік атқарып жүрген қауіпсіздік басқармасының қызметкерлеріне тапсырған.

Метрополитен өкілдері жолаушыға адалдығы мен ақшаны иесіне қайтаруға көмектескені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ оқиғаға қатысқан қауіпсіздік қызметкерлерінің жұмысын атап өтті.

ІІМ бастапқы ақпаратқа түсініктеме берді

Бұған дейін Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі ақшасын жоғалтқан адамның Қазақстан азаматы екенін хабарлаған. Ол Ташкенттің Сергели ауданына көлік сатып алу үшін барған.

Министрліктің алғашқы мәліметінде 10 мың долларды метро аумағында қызмет атқарып жүрген ішкі істер органдарының қызметкерлері тапқаны айтылған. Тексеру және іздестіру шараларынан кейін ақшаның иесі анықталып, қаражат толық көлемде қайтарылған.

Кейін Өзбекстан ІІМ баспасөз хатшысы Шохрух Гиёсов ведомство хабарламасындағы «тапты» деген тұжырымға түсініктеме берді.

Оның айтуынша, бұл сөз ауыспалы мағынада қолданылған. Көлік нысандарындағы жоғалған заттар бөліміне тапсырылған кез келген зат кейін иесіне қайтарылады.

Гиёсовтың мәліметінше, жыл басынан бері азаматтар метро, пойыз және ұшақта жоғалған заттары мен құндылықтарына байланысты 580-нен астам рет өтініш жасаған. ІІМ өкілінің айтуынша, осы жағдайлардың барлығында жоғалған заттар табылып, иелеріне қайтарылған. 

Материал авторы