1231

Шымкентте Қайрат Нұртас концертінің ұйымдастырушысы қамауға алынды

Полицияның алдын ала мәліметінше, концертке сатылған билеттер саны алаңның сыйымдылығынан едәуір асып кеткен, соның салдарынан көрермендер арасында кептеліс туындаған.

Шымкентте Қайрат Нұртас концертінің ұйымдастырушысы қамауға алынды
Шымкент ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте қазақстандық әнші Қайрат Нұртас концертінің ұйымдастырушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған концерт кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы және көрермендер арасында адам кептелісінің туындауы себеп болған.

Полицияның алдын ала мәліметінше, ұйымдастырушылар концерт өтетін алаңның сыйымдылығынан едәуір көп билет сатқан. Соның салдарынан көпшілік жиналып, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төнген.

Адам кептелісі кезінде 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде адамдар қаза тапқаны жөнінде де ақпарат тараған. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарды.

«Адамдардың қаза тапқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаза тапқандар жоқ», – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.

Концертті ұйымдастырған, 1984 жылы туған ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс аясында тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды. Полиция әдейі жалған мәлімет таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Материал авторы