627

«Заң мен тәртіп» әзіл арқылы насихатталды: Шымкенттегі Жайдарман жеңімпаздары анықталды

Шымкенттегі республикалық ойынға еліміздің әр өңірінен командалар қатысып, құқықтық мәдениет пен заңға құрмет тақырыбын әзіл арқылы жеткізді.

«Заң мен тәртіп» әзіл арқылы насихатталды: Шымкенттегі Жайдарман жеңімпаздары анықталды
Жайдарман

2026 жылғы 9 қазанда Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Заңды күлкі» тақырыбында республикалық Жайдарман ойыны өтті.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып, жастар арасында заңдылықты сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын насихаттауды мақсат етті.

Жайдарман кешіне еліміздің әр өңірінен келген командалар қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл мен сатира арқылы жеткізді. Ойын барысында қатысушылар құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға құрметпен қарау және қоғамдағы әділдік қағидаттарын шығармашылық тұрғыда қозғады.

Тегін ұйымдастырылған іс-шараға 2 000 көрерменге арналған орын қарастырылып, жастар мен қала тұрғындарына мазмұнды мәдени кеш ұсынылды.

Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды:

  • І орын — «Шум болалар» командасы (Өзбекстан құрамасы). Жеңімпаздарға 1 000 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды.
  • ІІ орын — «Ақпен бірге» командасы (Астана қаласы). Команда Cornelli брендінен 500 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
  • ІІІ орын — «Шапалақ» командасы (Талдықорған қаласы). Командаға Cornelli брендінен 500 000 теңгелік сертификат табысталды.

«Заңды күлкі» республикалық Жайдарман ойыны жастардың шығармашылық әлеуетін қолдап қана қоймай, қоғамда заңға құрметпен қарау, адалдық пен құқықтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Осындай іс-шаралар жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам арасында кеңінен насихаттауға ықпал етеді.