Халықтың деректері қайда? «Яндекстегі» ақауға қатысты министрлік мәлімдеме жасады

Министрлік пайдаланушылардың деректерін Қазақстанда сақтау цифрлық сервистердің барлық бөлігі ел ішінде дербес жұмыс істейді дегенді білдірмейтінін түсіндірді.

Халықтың деректері қайда? «Яндекстегі» ақауға қатысты министрлік мәлімдеме жасады
Sputnik / Валерий Мельников

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің жұмысында болған ақауларға байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді. Ведомство пайдаланушылардың деректерін Қазақстан аумағында сақтау цифрлық платформалардың барлық инфрақұрылымы ел ішінде дербес жұмыс істейді дегенді білдірмейтінін атап өтті.

Министрліктің мәліметінше, такси шақыру және жеткізу қызметтерінің жұмысына қажетті кейбір компоненттер шетелде орналасқан. Сондықтан деректерді ел аумағында сақтау сервистердің үздіксіз жұмыс істеуіне өздігінен кепіл бола алмайды.

«Пайдаланушылар үшін сервистердің үзіліссіз жұмыс істеуі аса маңызды. Осыған байланысты деректерді Қазақстан аумағында сақтау мен цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету — кешенді шешімді қажет ететін екі бөлек міндет. Қазір “Яндекс” қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деп хабарлады Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдері сервистердің жұмысын қалпына келтіру үшін компаниямен және Қазақстанның инфрақұрылымдық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатқанын айтты. Министрлік қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар ведомство басқа такси және жеткізу платформаларымен бірге олардың инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл шаралар сервистерге түсетін жүктеме көбейген кезде олардың жұмысын үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.

Материал авторы