Астанада ер адам мектептен қайтқан қыздың соңынан қуған
Астаналық әйелдің айтуынша, қара көзілдірік таққан ер адам мектептен қайтқан қызын автобустан түсіп, үйіне дейін аңдыған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, астаналық әйел мектептен үйіне қайтып келе жатқан қызының соңынан белгісіз ер адам еріп, кейін оны қуғанын мәлімдеді. Қазір полиция күдікті адамның жеке басын анықтап жатыр.
Әйел бұл жағдай туралы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған. Оның сөзінше, қара көзілдірік таққан белгісіз ер адам қызы мінген автобусқа да отырған. Қыз автобустан түскен соң, ер адам да түсіп, оның соңынан жүрген.
«Ол да автобусқа отырды. Қызымның соңынан түсіп, артынан ерді. Қызым қаша бастағанда, әлгі ер адам да оның соңынан жүгірген. Ақырында қызым үйінің кіреберісіне кіріп үлгеріп, есікті жауып алған», – деп жазды астаналық әйел.
Әйелдің айтуынша, кейін қызы сол ер адамның өздері тұратын ауланың ішінде басқа бір қыздың соңынан жүргенін де көрген.
Оқиғадан кейін қорқып қалған қыз үйден шықпай қойған. Анасы жағдайдың өзіне де қатты әсер еткенін айтып, енді қызын мектепке өзі апарып, өзі алып қайтатынын мәлімдеді.
«Бұл сұмдық қой! Енді өзім тасып жүретін боламын», – деп жазды ол.
Астананың Сарыарқа аудандық полиция басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта ер адамның жеке басын анықтау бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Ол анықталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылданады.
Полиция өкілдері осындай жағдайларға тап болған азаматтарды жедел әрекет ету үшін 102 нөміріне хабарлауға шақырды.
Материал авторы