701

Астанада «бронепленка» үшін BMW айып тұрағына қойылды

Патрульдік полиция қызметкерлері BMW көлігін тоқтатып, тексеру кезінде тіркеу құжаттарындағы сәйкессіздікті анықтады.

Астанада «бронепленка» үшін BMW айып тұрағына қойылды
Астана ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада патрульдік полиция қызметкерлері көлігінің зауыттық түсін бронепленка арқылы өзгерткен, бірақ бұл өзгерісті құжатта рәсімдемеген жүргізушіні анықтады. BMW маркалы автомобиль коммуналдық айып тұрағына қойылды.

Ведомствоның мәліметінше, патрульдік полиция полкінің қызметкерлері BMW көлігін тоқтатып, тексерген. Тексеру барысында автомобильдің шанағына бастапқы түсінен өзгеше бронепленка жапсырылғаны белгілі болды.

Алайда көліктің түсіне енгізілген өзгеріс техникалық паспортта тіркелмеген. Осыған байланысты жүргізушіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Ал автомобиль анықталған заң бұзушылық жойылғанға дейін коммуналдық тұраққа қойылды.

Астана полициясы жүргізушілерді заң талаптарын сақтауға және көлік құралдарының тіркеу құжаттарына тиісті өзгерістерді уақытылы енгізуге шақырды.

Ведомство көлікке енгізілген өзгерістерді тиісті құжаттарда рәсімдеу қажеттігін еске салды.

Материал авторы