Алматыдағы есірткі зертханасында 2 адам қаза тапқан: қылмыстық топ жетекшісі Ресейден әкелінді
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бастап адамдарды қылмыстық әрекетке тартып, Алматыда және Қазақстанның өзге өңірлерінде мефедрон өндіріп, таратуды ұйымдастырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда психотроптық заттарды заңсыз өндіру мен сатуды ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат Ресейден елге қайтарылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Алматыда және Қазақстанның басқа өңірлерінде мефедрон өндіріп, таратқан ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бастап қаржылай қиындыққа тап болған адамдарды қылмыстық әрекетке тарта бастаған. Топ мүшелері психотроптық заттарды дайындау, тасымалдау, қаптау және тарату жұмыстарын атқарған. Олардың әрекетін ұйымдастырушы Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестіріп отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Сол зертханалардың бірінде психотроптық заттарды өндіру кезінде топтың екі мүшесі қатты химиялық улануға ұшырап, қайтыс болған. Соған қарамастан, қылмыстық әрекет тоқтамай, іске жаңа адамдар тартылған.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция зертханалардың бірінің жұмысын тоқтатқан. Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, арнайы жабдықтар, қорғаныс құралдары және дайын өнім табылған.
Күдікті 2025 жылдың шілдесінде Ресей аумағында ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде ол елге экстрадицияланып, қазір тергеу изоляторына қамалды.
Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Күдіктіге тағылған айыптар бойынша мүлкін тәркілей отырып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл жаза тергеу мен сотта айыптар дәлелденген жағдайда қолданылуы мүмкін.
Материал авторы