«Ешкімнен ештеңе сұрамаймыз»: Дариға Бадықова сырға салудан кейін үн қатты
Актриса мен продюсердің Олжас Абаймен алдағы үйлену тойы қоғамда талқыланып жатқан тұста, болашақ жарының анасы оған гауһар тастары бар ақ алтын сырға таққан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса әрі продюсер Дариға Бадықова Олжас Абаймен (Ochooou) алдағы үйлену тойына қатысты талқылаулардан кейін әлеуметтік желіде оқырмандарына үндеу жасады. Өнер иесі көпшіліктен өзіне және болашақ жарына бақыт тілеуді сұрады.
Бұған дейін жұптың құдалық рәсімі өтіп, сырға салу дәстүрі орындалғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада актрисаның болашақ енесі Жұмагүл оған гауһар тастары бар ақ алтын сырға таққанын көруге болады.
Осы оқиғадан кейін Дариға Бадықова көпшілікке арнап жазба жариялап, әр адамның өз тағдыры мен бақыты бар екенін атап өтті.
«Құдайдың бұйрығына ешкім қарсы шыға алмайды. Тағдырдың жазғанын ешкім өзгерте алмайды. Қалай десек те, кім не ойласа да, әр адамның өз тағдыры, өз бақыты бар. Біреудің бақытына төрелік айту бізге бұйырмаған. Біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Ешкімге ештеңе дәлелдеуге де міндетті емеспіз. Тек бақыт тілеңіздер! Өйткені ақ ниетпен айтылған бір ауыз тілек мың түрлі пікірден қымбат», – деп жазды актриса әлеуметтік желіде.
Бадықова жазбасында жеке өміріне қатысты әртүрлі пікірлерге қарамастан, өзіне және болашақ жарына ақ тілегін арнаған адамдардың ниетін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Материал авторы