«Қатты кеттің»: Қайрат Нұртас дауға қатысты ренішін жеткізді
10 қазанда Шымкентте өткен концерттен кейін сегіз адам дәрігер көмегіне жүгініп, бір бойжеткен ауруханаға жатқызылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әнші Қайрат Нұртас Шымкенттегі концертінде болған оқиғадан кейін әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда көрермендердің әрекетін сынаған блогердің видеосына пікір қалдырып, өз ұстанымын білдірді.
Концерт 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен. Полицияның мәліметінше, оқиғадан кейін қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ концерт ұйымдастырушылары полиция бөлімшесіне жеткізілген. Алдын ала дерек бойынша, сатылған билет саны стадионның сыйымдылығынан асып кетуі мүмкін.
Оқиға кезінде сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілсе, 18 жастағы бойжеткен ауруханаға жатқызылған.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видеолар кеңінен тарады. Кадрлардан стадионға қарай ағылған адамдарды, сондай-ақ қалың топтың арасынан шығуға тырысып, көмек сұраған көрермендерді көруге болады. Жазбалар қоғамда қызу талқы туғызды. Бірі концертті ұйымдастыру деңгейін сынға алса, енді бірі көрермендердің өздерін кінәлады. Әлеуметтік желіде концертке билетсіз келген адамдар да болғаны туралы пікірлер айтылды.
Көп тараған видеолардың бірінде блогер жастардың концерт кезінде бір-бірімен жағаласып, кептеліс тудырғанына наразылық білдірген.
«Кітап үшін осылай таласыңдар. Жастарымызға қарап жағамды ұстап отырмын. Концертте неге өліп-өшіп, осындай дүрбелең жасайсыңдар? Одан да оқып, дамыңдар», – деген ол.
Блогердің видеосы көп қаралым жинаған. Жазба астындағы пікірлерге қарағанда, ол Қайрат Нұртастың да назарына іліккен. Әнші видео авторына жауап ретінде:
«Қатты кеттің. Онда шетел әншілеріне барып жүре беріңдер», – деп жазған.
Кейбір қолданушылар әншінің бұл сөзін сынға ренжігенінің белгісі ретінде қабылдады. Қайрат Нұртас блогер жағдайды әсірелеп көрсеткенін де атап өткен.
Әлеуметтік желідегі пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Бір топ қолданушы әншіні қолдап, оның концерттеріне баруды жалғастыратынын айтса, енді бірі блогердің сынымен келісіп, көрермендердің әрекетін құптамады.
Материал авторы