952

Бұрынғы құдағилар 126 мың теңге үшін соттасты

Балалары ажырасқаннан кейін араздасқан екі әйел бір-бірін сотқа берді.

Бұрынғы құдағилар 126 мың теңге үшін соттасты
AI / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында бұрынғы құдалар арасындағы 126 мың теңге қарызға қатысты дау сотта татуласумен аяқталды. Балалары ажырасқаннан кейін араларында келіспеушілік туған екі әйел медиациялық келісімге келген. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасы жазды.

Іс Тасқала аудандық сотында қаралған. Іс материалдарына сәйкес, аудан тұрғыны құдағиынан 126 мың теңге қарызға алған. Алайда балаларының ажырасуынан кейін екі тараптың арасында түсініспеушілік туындаған.

Қарызды өз еркімен қайтару мүмкін болмаған соң, ақшасын талап еткен әйел заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген.

Татуластыру рәсімі барысында судья тараптарға дауды медиация тәртібімен шешудің артықшылықтарын түсіндірген. Нәтижесінде бұрынғы құдалар өзара келісімге келіп, медиациялық келісім жасасқан.

Құжатта қарыз ақшаны ерікті түрде қайтарудың тәртібі, мерзімі мен шарттары белгіленген.

Сот келісімді бекітіп, азаматтық іс бойынша өндірісті тоқтату туралы ұйғарым шығарды. Сонымен қатар талап қою кезінде төленген мемлекеттік баж талап қоюшыға қайтарылады.

Сот ұйғарымы әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор