1057

«Халықтың қиналғанын көрсетті»: Қайрат Нұртастың концертінде өнер көрсеткен музыкант елдің ашуына тиді

Музыканттың «Маған емес, өздеріне қиын болады» деген сөзі көпшіліктің наразылығын күшейтіп, кейбір қолданушылар оны қайтадан бойкот жариялауға шақырды.

«Халықтың қиналғанын көрсетті»: Қайрат Нұртастың концертінде өнер көрсеткен музыкант елдің ашуына тиді
instagram.com/aksunkarzh

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде көрермендер стадионға кіре алмай, кептелісте қысылып қалғаны туралы ақпарат тараған тұста сахнада өнер көрсеткен музыкант Ақсұңқар Жүнісбаевтың жазбасы жұрттың наразылығын туғызды. Ол концерттегі жағдайды өзіне былтыр жарияланған бойкотпен байланыстырып, көпшіліктің сынына қалды. Кейін музыкант кешірім сұрады.

10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерт дүрбелеңмен есте қалды. Кіреберісте жиналған жұрт бір-бірін қысып, стадионға кіруге тырысқан. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан көрермендердің әбігерге түскенін көруге болады.

Кейбір адамдар кептеліс кезінде жарақат алғанын айтса, әлеуметтік желі қолданушылары жедел жәрдем көлігінің суреттерін де жариялады. Көрермендердің есінен танып қалғаны туралы мәліметтер де тарады.

Осы оқиғадан кейін концертте гитарада ойнаған Ақсұңқар Жүнісбаев Threads парақшасында жазба жариялады. Ол сахнада еркін өнер көрсетіп тұрғанын айтып, сырттағы көрермендердің жағдайын өзіне қатысты бұрынғы оқиғамен байланыстырған.

«Ең жайлы жұмыс менікі ме деп қалдым. Қысылмай, сахнада гитараммен емін-еркін жүрмін. Адамдарға жаным ашып кетті. Бір жағынан, карма рөл ойнап кеткендей. Былтыр халыққа өкпелеп, “бойкот” деген едім. Бірақ оны өзім ұмытып кеттім. Құдай бүгін маған халықтың қиналғанын көрсетті. Бірақ мен халықты қатты жақсы көремін. Алланың бір есімі — Халық дейді ғой», — деп жазды музыкант.

Алайда оның кейінгі жазбасы да сынға ұласты.

«Аллаһым, мені ешкімге өкпелетпеші! Маған емес, өздеріне қиын болады ғой... Эгом сондай менің, қайтейін енді. Бәріңді жақсы көремін», — деп жазды ол.

Көрермендер стадионға кіре алмай, қиын жағдайға тап болғаны туралы хабарлар тараған кезде музыканттың оқиғаны «кармамен» байланыстыруы желі қолданушыларына ұнамады. Әсіресе «Маған емес, өздеріне қиын болады» деген сөзі қызу талқыға түсті.

Көпшілік оның жазбасын орынсыз деп бағалап, адамдардың басындағы қиындықты өзінің өкпе-ренішімен байланыстыруын сынға алды. Кейбір қолданушылар музыкантты жұрттың жағдайына түсіністік танытудың орнына, өзіне назар аударуға тырысты деп айыптады.

Желі қолданушыларының бірі Ақсұңқар Жүнісбаевқа қайтадан бойкот жариялауға шақырды.

«Халқың бойкоттың көкесін енді көрсетеді. Жұрт қысылып, жаншылып жатқанда, “карма, бүгін маған халықтың қалай қиналғанын көрсетті, кезінде өкпелеп қалған едім” деп отыр ма? Ойыңды қалай жеткізсең де, халқың нені меңзегеніңді түсініп отыр», — деп жазды ол.

Тағы бір қолданушы музыкантқа көрермендердің концертке ең алдымен Қайрат Нұртастың өнерін тамашалау үшін келгенін еске салды. Оның пікірінше, гитаристің жазбасы өзін орынсыз дәріптегендей әсер қалдырған.

Басқа оқырмандар да көрермендердің қысылып, жарақат алғаны туралы мәліметтер тараған сәтте мұндай пікір жазуды адамгершілік тұрғысынан құптамады. Кейбірі музыкантты өз сөзінің салмағын түсінуге шақырып, танымалдық пен жеке жауапкершіліктің екі бөлек нәрсе екенін атап өтті.

Сын көбейген соң Ақсұңқар Жүнісбаев көпшіліктен кешірім сұрады. Ол ойын дұрыс жеткізе алмағанын мойындап, ешкімді ренжітуді мақсат етпегенін айтты.

«Кешіріңіздерші. Мен кінәлі болдым. Шынымен сіздерді қатты жақсы көремін. Негізі, өмірде араласып көрсеңіздер, қарапайым адаммын ғой. Сөзімді дұрыс құрай алмайтынымды мойындаймын. Ойымды жеткізе алмай, үнемі осылай сынға ұшырап жүремін», — деп жазды музыкант.

Дегенмен кешірімінен кейін де сын толастай қойған жоқ. Кейбір қолданушылар көпшілік алдында жүрген өнер иелері әр сөзін ойланып айтуы керек екенін ескертті. Әсіресе адамдар қиын жағдайға тап болған кезде олардың сезіміне құрметпен қараудың маңызды екенін атап өтті.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор