1334

Перизат Қайраттың туыстары Дубайдан пәтерді қайдан алғаны белгілі болды

Тергеу барысында ұрланған қаражаттың қозғалысы зерттелгенімен, туыстар арасындағы есеп айырысу арқылы пәтерлер сатып алынған деген болжам расталмаған.

Перизат Қайраттың туыстары Дубайдан пәтерді қайдан алғаны белгілі болды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Перизат Қайраттың туыстарына тиесілі Дубайдағы пәтерлерге қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа Қаржылық мониторинг агенттігі түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, аталған жылжымайтын мүлік қайырымдылыққа жиналған қаражатты жымқыру ісіне қатысы бар деген болжаммен бұрын да тексерілген. Алайда тергеу барысында пәтерлер қылмыстық жолмен алынған ақшаға сатып алынды деген нұсқа расталмаған.

ҚМА өкілдері тергеу кезінде қаржылық операциялар зерттеліп, жымқырылған ақшаның қозғалысы қалпына келтірілгенін хабарлады. Агенттік дерегіне сәйкес, Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған қаражатты автокөлік, пәтер сатып алуға, оларды жөндеуге және жиһаздауға, брендтік киімдер мен әшекейлерге, бизнес-кластағы әуе сапарларына, қымбат қонақүйлер мен мейрамханаларға жұмсаған.

Сонымен бірге тергеу барысында Перизат Қайрат пен оның туыстарының арасында қаржылық есеп айырысу болғаны анықталмаған. Ведомствоның мәлімдеуінше, жарияланымдарда сөз болған пәтерлер 2011–2019 жылдары сатып алынған. Бұл — «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылып, Перизат Қайраттың қылмыстық әрекеті басталғанға дейінгі кезең.

ҚМА дерегінше, аталған жылжымайтын мүлікке иелік ететін ерлі-зайыптылар 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлікті сатып алу және қайта сату ісімен айналысып келеді.

Агенттік туыстық қатынастың өзі қылмыстық қудалауға немесе мүлікті тәркілеуге негіз бола алмайтынын атап өтті. Активтерді бұғаттау және тәркілеу үшін олардың қылмыстық жолмен алынғанын дәлелдейтін деректер қажет.

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты іс материалдарында қайырымдылыққа жиналған қаражатты иемдену схемасы да баяндалған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2021 жылғы 4 қазанда Перизат Қайрат құрылтай құжаттарын қолдан жасау арқылы «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тіркеген. Оның атауы заңды түрде жұмыс істеп тұрған «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының атауына ұқсас болған.

Бұдан кейін Перизат Қайрат анасы Ғайни Алашбаевамен алдын ала сөз байласып, мұқтаж адамдарға көмек көрсету деген желеумен жұртшылықтан ақша жинаған. Олардың қатарында балалар мен ересектер, су тасқынынан зардап шеккендер және Палестина тұрғындары болған.

Іс материалдарына сәйкес, 2021 жылғы қарашадан 2023 жылғы қазанға дейін оңалту орталығын салу, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесу және қоғамдық іс-шаралар өткізу сылтауымен 126,7 млн теңге жиналып, жымқырылған.

2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы сәуірге дейін Палестина халқына көмек көрсету деген желеумен тағы 559,1 млн теңге алынған.

Ал 2024 жылғы 1 сәуір мен қараша аралығында Қазақстанда төтенше жағдай режимі кезінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу мақсатында 2,8 млрд теңге жиналған. Тергеу мәліметінше, бұл қаражат та жымқырылған.

Осылайша, іс бойынша жымқырылған ақшаның жалпы сомасы 3,5 млрд теңге болған.

Тергеу деректеріне сәйкес, қоғамдық бірлестікке түскен ақшалар Перизат Қайраттың жеке шоттарына және анасының есепшоттарына аударылған. Қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру үшін гүл бизнесі сатып алынып, жалған мәмілелер жасалғаны да көрсетілген.

Бұдан бөлек, ақшаға қымбат жылжымайтын мүлік пен автокөліктер, әшекей бұйымдар, киім-кешек және жиһаз алынған. Қаражаттың бір бөлігі сапарларға, жөндеу жұмыстарына және өзге де шығындарға жұмсалған.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева өздеріне тағылған қылмыстар бойынша кінәлі деп танылған. Олардың кінәсі жәбірленушілердің, жәбірленушілер өкілдерінің және куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденгені хабарланды.

2026 жылғы 25 шілдеде Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкін тәркілеу жазасына кесілді. Оның анасы Ғайни Алашбаеваға 7 жыл түрме жазасы тағайындалды. 

Материал авторы