1486

Сауд Арабиясындағы шабуылдар: Қазақстан СІМ азаматтарға үндеу жасады

Сыртқы істер министрлігі төтенше жағдай туындаса, Эр-Риядтағы елшілікке немесе Жиддадағы бас консулдыққа хабарласуға кеңес берді.

Сауд Арабиясындағы шабуылдар: Қазақстан СІМ азаматтарға үндеу жасады
Social Media / Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі осы елде жүрген қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларын күшейтуге кеңес берді. Ведомство азаматтарды жергілікті биліктің нұсқауларын орындап, қажетсіз сапарлардан уақытша бас тартуға шақырды. Бұл туралы Қазақстан СІМ баспасөз қызметі жазды.

Министрлік азаматтарға бірнеше маңызды ұсыным берді. Атап айтқанда, қауіпсіздікке барынша мән беріп, жергілікті билік өкілдерінің нұсқауларын орындау қажет.

Сондай-ақ аса қажеттілік болмаса, әуежайларға бармаған жөн. Ұшақпен сапарға шығуды жоспарлаған азаматтарға рейстердің мәртебесін әуе компанияларынан алдын ала нақтылау ұсынылды.

Бұдан бөлек, адам көп жиналатын орындар мен қауіп-қатері жоғары нысандарға барудан аулақ болып, шұғыл қажеттілікке байланысты емес сапарларды кейінге қалдыруға кеңес берілді.

Төтенше жағдай туындаған кезде Қазақстан азаматтары Эр-Рияд қаласындағы Қазақстан елшілігіне немесе Жиддадағы Қазақстанның бас консулдығына хабарласа алады.

Шұғыл байланыс телефондары:

  • Эр-Рияд қаласындағы консул: +966 55 663 01 77

  • Жидда қаласындағы консул: +966 53 275 80 80

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарды ведомствоның ресми ақпарат көздері мен Сауд Арабиясының құзырлы органдары жариялайтын хабарламаларды тұрақты бақылауға шақырды.

Материал авторы