«Анасымен емес, әйелімен болуы керек»: Танымал актриса отбасындағы басты мәселені атады
Жақында екінші рет ажырасуына мәжбүр болған актриса ене тақырыбын қозғады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса әрі блогер Жанель Мақажан отбасындағы ана мен жардың орны туралы пікір білдіріп, қоғамда қызу талқыланатын тақырыпқа қатысты өз ұстанымын жеткізді. Оның айтуынша, анаға басымдық беру кейде ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына кері әсер етіп, отбасының ыдырауына себеп болуы мүмкін.
Әлеуметтік желіде актрисаның жазбасына пікір қалдырған оқырмандардың бірі ер адам үшін де, әйел үшін де ана әрдайым бірінші орында тұруы керек деген ойын айтқан. Оның пайымынша, ер адам әйелін қатты сүйіп, тіпті бөлек тұрса да, анасына деген құрметі мен басымдығы өзгермеуі тиіс.
Жанель Мақажан бұл пікірге жауап беріп, мұндай көзқараспен келіспейтінін білдірді. Актриса қазақ қоғамында ананы бірінші орынға қоюдың салдарынан көптеген отбасы ажырасып жататынын мәлімдеді. Оның сөзінше, ажырасулардың 80 пайызына ене мен келін арасындағы мәселелер себеп болады.
Өнер иесі шаңырақ көтерген ер мен әйелдің басты міндеті — бір-біріне сүйеу болып, өз отбасын сақтау деп есептейді. Ол ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүру үшін қосылатынын, сондықтан олардың қарым-қатынасы басты назарда болуы керегін айтты.
«Құдайдың өзі ер адам мен әйелді жаратып, бірге қосқан. Ол жарымен бірге болу үшін қосқан, анасымен емес», – деді Жанель Мақажан.
Актрисаның пікірінше, отбасындағы басымдықтарды дұрыс белгілемеу ерлі-зайыптылардың бақытты өмір сүруіне кедергі келтіріп қана қоймай, балаларға да кері әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайлар ақыр соңында отбасының бұзылуына әкелуі ықтимал.
Жанель Мақажан өзі ұстанатын құндылықтар ретін де атап өтті. Оның түсінігінде, бірінші орында — Жаратқан, одан кейін адамның өзі, жары мен балалары, содан соң ата-анасы тұруы керек.
Материал авторы