Маңғыстауда Каспий жағалауынан 15 өлі итбалық табылды
Маңғыстауда табылған 15 итбалықтың қырылу себебін мамандар зерттеп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан 15 итбалықтың өлексесі табылды. Жануарлар 12 қазанда Түпқараған ауданына қарасты Баутино ауылының батыс жағынан анықталған. Қазір олардың қырылу себебі зерттеліп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Өлі итбалықтарды жағалау аумағын бақылау кезінде «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары байқаған.
Оқиға туралы тиісті уәкілетті органдарға хабар берілген. Маңғыстау облысының экология департаменті мамандары теңіз суы мен топырақтан сынама алған. Зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін жағалауды белгіленген санитарлық талаптарға сай тазарту шаралары ұйымдастырылмақ.
Қазіргі уақытта жағалау аумағын бақылау жалғасып жатыр. Мамандар жануарлардың неден қырылғанын анықтау үшін тиісті зерттеулердің нәтижесін күтіп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, көктем мен күз мезгілдерінде Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі жағалауында, соның ішінде Маңғыстау облысында, өлі итбалықтардың жағаға шығып қалуы кездеседі. Мұндай жағдайлар көбіне солтүстік-батыстан және батыстан соққан дауылды жел кезінде тіркеледі.
Алайда бұл жолы табылған 15 итбалықтың өлексесіне қатысты нақты себеп әзірге жарияланған жоқ. Оның анық-қанығы зерттеу нәтижелері бойынша белгілі болмақ.
Материал авторы