«Шашын тақырлап, күйдірген»: жоғалған 21 жастағы қыздың денесі орманнан табылды
Тергеу нұсқасы бойынша, қызғаныштан басталған жанжал төбелеске ұласып, бойжеткен алған соққыларынан көз жұмған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Владимир облысында 21 жастағы бойжеткеннің өліміне байланысты төрт адам ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, қайғылы оқиғаға қызғаныштан туындаған жанжал себеп болуы мүмкін. Күдіктілер қатарында марқұмның құрбысы, оның жігіті, анасы және кәмелетке толмаған сіңлісі бар.
Оқиға 6 қазанда Владимир облысындағы Судогда қаласында болған. Марқұмның анасы қызының үйден шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпай қалғанын айтып, полицияға хабарласқан. Құқық қорғау органдары бойжеткенді іздеуге дереу кіріскен. Келесі күні таңертең оның зорлық-зомбылық белгілері бар денесі орман алқабынан табылған.
Полицияның мәліметінше, бойжеткен сол күні құрбысының үйінде қонақта болған. Екеуінің арасындағы сөзге келіспеушілік төбелеске ұласқан. Кейін жанжалға пәтерде болған басқа адамдар да араласқан. Тергеушілердің болжамынша, олар қызға кезекпен соққы жасап, салдарынан бойжеткен көз жұмған.
Оқиғадан кейін күдіктілер із жасыруға тырысып, басқа өңірлерге кетіп қалған. Жедел қызметкерлер Белгород және Ярославль облыстарына барып, жергілікті полиция мен Ресей ұлттық гвардиясы қызметкерлерінің көмегімен төрт адамды ұстаған. Олар тергеу органдарына жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Ресей Қылмыстық кодексінің 105-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Қазір күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.
Ресей заңнамасына сәйкес, осы бап бойынша кінәсі дәлелденген адамдарға сегіз жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Заңда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да көзделген, алайда ол әйелдерге қолданылмайды.
Материал авторы