1910

Тоқаев Бельгия королі мен патшайымына Алтын адамды көрсетті

Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Ұлттық музейді аралаған Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихын таныстыратын жәдігерлерді көрді.

Тоқаев Бельгия королі мен патшайымына Алтын адамды көрсетті
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп пен Патшайым Матильдаға Ұлттық музейді таныстырды. Мәртебелі меймандар қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасын паш ететін экспозицияларды тамашалады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Сапар барысында қонақтар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерімен танысып, Ұлы даланың тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді көрді.

Әсіресе, Алтын залдағы экспонаттарға ерекше назар аударылды. Мұнда Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам», сондай-ақ Берел, Талды-2, Тақсай және Шілікті қорғандарынан шыққан алтын бұйымдар қойылған. Келушілерге көне дәуірдегі зергерлік өнердің бірегей үлгілері мен археологиялық олжалар ұсынылды.

Этнография залында Бельгия королі мен патшайымы қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, материалдық және рухани мәдениеті туралы мәлімет алды.

Сонымен қатар музейде бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармалары қойылған көрме де таныстырылды.

Сапар соңында Король Филипп пен Патшайым Матильда Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. 

Материал авторы