895

Жаркентте атыс болды: кісі өлтіруге оқталды деген күдікпен екі адам ұсталды

Жаркент қаласында таныс ер адамдар арасындағы жанжал кезінде оқ атылған.

Жаркентте атыс болды: кісі өлтіруге оқталды деген күдікпен екі адам ұсталды
ТАСС/Зураб Джавахадзе

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысының Жаркент қаласында ер адамдар арасындағы жанжал атысқа ұласып, 33 жастағы тұрғын жарақат алды. Оқиғаға байланысты бұзақылық және адам өлтіруге оқталу белгілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жанжал бір-бірін бұрыннан танитын ер адамдар арасында туындаған. Қақтығыс кезінде олардың бірі атыс қаруын қолданған. Оқ жарақатын алған 33 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілген.

Тергеу барысында құқық қорғау органдары оқиға кезінде пайдаланылған болуы мүмкін қаруды тәркілеген. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полиция әлеуметтік желілерде тараған қаруға қатысты ақпаратқа да түсініктеме берді. Желі қолданушылары қару мемлекеттік органдармен байланысы бар адамға тиесілі болуы мүмкін деген мәлімет таратқан. Алайда ведомство бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар полиция өкілдері азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік, кейбір жағдайларда жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Жаза нақты жағдайға және құқық бұзушылықтың саралануына байланысты белгіленеді.

Қазір қылмыстық істің тергелуі Жетісу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденгенге дейін олар кінәсіз деп есептеледі.

Материал авторы