Instagram-да пәтер ұтып алған әйел сотта жеңіске жетті
Компания әйелдің пәтерін бермей қойған көрінеді.
Қостанай облысында Instagram әлеуметтік желісіндегі байқауда пәтер ұтып алған әйел жүлдесін ала алмай, сотқа жүгінген. Сот оның талабын қанағаттандырып, компаниядан әйелдің пайдасына 7,6 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Қостанай облысының соттары Telegram-дағы ресми арнасында мәлімдегендей, Меңдіқара аудандық соты әйелдің компаниядан байқаудың бас жүлдесі ретінде уәде етілген пәтерді беруді немесе оның ақшалай құнын өндіріп алуды талап еткен азаматтық ісін қараған.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың шілдесінде компания Instagram желісінде бас жүлдесі пәтер болатын байқау жариялаған. Сол жылдың қазан айында әйел байқау жеңімпазы ретінде көпшілікке таныстырылған. Оның жеңімпаз атанғаны әлеуметтік желідегі жарияланымдардың скриншоттарымен расталған. Компания бұл фактіні жоққа шығармаған.
Алайда компания өкілдері әйелдің аккаунтын жалған деп санап, байқау нәтижелері жойылғанын айтқан. Олардың мәлімдеуінше, кейін байқау қайта өткізіліп, пәтер басқа қатысушыға берілген.
Әйел мен оның өкілі бұл уәжбен келіспеген. Олар аккаунттың жеке екенін және байқауға дейін ашылғанын алға тартқан. Ал компания әйелдің парақшасы жалған екенін растайтын жеткілікті дәлел ұсына алмаған.
Сот істі қарау барысында аккаунттардың IP-мекенжайлары тексерілмегенін, олардың бір адамға тиесілі екені анықталмағанын және әлеуметтік желідегі парақшаны тексеруге арналған техникалық құралдар қолданылмағанын ескерген.
Азаматтық кодекстің 911-бабының 1-бөлігіне сәйкес, көпшілік алдында сыйақы беруге уәде еткен тұлға байқау шарттарына сай жеңімпаз деп танылған адам алдындағы міндеттемесін орындауға тиіс.
Осы мән-жайлар мен ұсынылған дәлелдерді ескере отырып, сот әйелдің талабын қанағаттандырды. Компаниядан оның пайдасына 7 682 000 теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Материал авторы