973

Ақтөбеде пара мөлшерін көтерген мемлекеттік қызметші ұсталды

Шенеунік Ресейден келген әр жүк көлігінен пара алып отырған.

Ақтөбеде пара мөлшерін көтерген мемлекеттік қызметші ұсталды
Sputnik / Абзал Калиев

Ақтөбе облысында көлік бақылау инспекциясының бас маманы жүк көліктерін тексерусіз өткізу үшін кәсіпкерден пара алғаны үшін сотталды. Ол кінәсін толық мойындап, 5 миллион 950 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды.

Іс материалдарына сәйкес, кәсіпкер Ресейден бидай сатып алып, оны ауыр жүк көліктерімен Ақтөбе облысына тасымалдаған. Шығынды азайту үшін жүк көліктеріне рұқсат етілген мөлшерден артық жүк тиелген.

Қазақстан аумағында көлік бақылау инспекциясының бас маманы әр жүк көлігінен 10 мың теңгеден пара алып отырған. Оның орнына көліктер белгіленген талаптарға сәйкестігі бойынша тексерілмей, бақылау бекетінен кедергісіз өткен. Осылайша, кәсіпкер артық жүк үшін салынатын айыппұлдардан құтылған.

Алайда кейін инспекция қызметкері пара мөлшерін 10 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін көтерген. Осыдан соң кәсіпкер Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазған. Нәтижесінде мемлекеттік қызметші ұсталды.

Кейін ол жалпы сомасы 170 мың теңге пара алды деген айыппен сот алдында жауап берді.

Сотталушы кінәсін толық мойындады. Сот оған пара сомасының 35 еселенген мөлшеріне тең, яғни 5 миллион 950 мың теңге айыппұл тағайындады.

Материал авторы